Пандемия омикрон штамынан кейін аяқталмайды

Пандемия омикронмен аяқталмайды. Бұл штамнан кейін де коронавирустың жаңа мутациялары шығады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп ескертті. Бірлестік басшысы "індет бүгін-ертең жойылмайды, сондықтан босаңсуға мүлде болмайды" деп мәлімдеген.

Айтуынша, омикронға шалдыққан науқастардың ауруы орташа алғанда жеңіл өтеді, алайда дұрыс емделмесе, мұның соңы өліммен аяқталуы мүмкін. Өткен аптада ғана 18 миллионнан астам адам ковид жұқтырған.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ Бас хатшысы:

- Омикрон әлемді шарлап жүр. Өлім-жітім деңгейі әзірге тұрақты. Бірақ омикрон онсыз да қалжырап жүрген медицина қызметкерлерін әбден діңкелетті. Кейбір елдерде жұқтырушылар саны азайып жатуы мүмкін, алайда ешбір мемлекет қауіптен біржола құтылдық деп атүсті ойға берілмесін.