Британияда электр жарығы қымбаттаса халықтың қалтасын қағуы мүмкін

Электр энергиясы дамыған елдерді тығырыққа тіреп тұр. Ұлыбританияда 1 сәуірден бастап тоқ қымбаттап, жаңа шекті бағасы күшіне енеді. Егер бұлай болса, табыс деңгейі төмен тұрғындар жалақысының тең жартысын жарыққа төлейтін болады. Бұдан бөлек инфляция да британдықтарды біраз әбігерге салатын түрі бар.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Сәуір айынан бастап, жарыққа ақша төлей алмайтын отбасылардың саны үш есеге көбеюі мүмкін. Электр энергиясы шекті бағасының өсуінен алты жарым миллионға жуық аз қамтылған отбасы зардап шегеді дейді мамандар. Энергетика саласын реттеумен айналысатын британдық компания жарықтың бағасын 50 процентке көбейтуді жоспарлап отыр.

Рейчел Ривз, Ұлыбритания көлеңкелі үкімет министрі:

- Үкімет бізге керек ядролық немесе жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция құя алмады. Олар газ қоймаларын жетілдіру мәселесі бойынша да сәтсіздікке ұшырады. Ресей мен Катардан әкелінетін көгілдір отын тасымалына тәуелді етіп тастады. Олар нарықты реттей алмай, осы саладағы 27 компания банкротқа ұшырады.

Қымбатшылық тек тұрмысы төмен отбасылардың ғана емес, орта табысты азаматтардың да қалтасын жұқартады, дейді сарапшылар. Жарық пен газдың бағасы өссе, елдегі инфляция шарықтап, өмір сүру қиындай түспек. Үкіметтегілер аз қамтылған тұрғындардың шығындарын түрлі жәрдемақымен өтеуге  және энергетикалық компаниялармен бағаны тұрақтандыру бойынша келіссөздер жүргізуге уәде беріп отыр. 

Риши Сунак, Ұлыбритания қаржы министрі:

- Мұндай жағдайды біз ғана бастан кешіп жатқанымыз жоқ. Бұл ғаламдық мәселе. Инфляцияны тудырған, тауарларды жеткізу тізбегіндегі іркіліс, энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі жаһандық құбылыс. Бірақ біз халықты қолдау үшін әрекет етіп жатырмыз. 

Электр энергиясы мен көгілдір отын саудасының нарығына үкіметтің араласуы мүмкін. Мәселен, жаңа бастамаға сәйкес көтерме баға күрт өскен жағдайда энергетикалық компаниялар қазынадан қаражат алып, тұтынушыларға жарық пен газды қолжетімді бағада сататын болады. Биліктегілер бұл ұсынысты құптарлық деп тапқанымен кемшін тұстары да көп дейді.

Ғалымжан Қараманұлы