Германияда халықтың тең жартысы үшінші дозаны салдырды

Германияда 40 миллион адам бустерлі дозаны алды. Бұл халықтың тең жартысы. Бірақ дәрігерлер адамдарды екпені белсенді түрде салдыруға шақырды. Себебі интенсивті терапияға негізінен вакцина салдырмаған азаматтар түсіп жатыр.

Олардың 10 проценті тек бірінші доза алған. Қазір Германияда да эпидахуал күрделі. Елде коронавирус қайта өршіп, соңғы бір тәулікте 70 мың адам вирус жұқтырған. Алайда ауруханаларға түсіп жатқан науқастар саны аз, өлім-жітім де төмен. Дегенмен, мамандар дертке шалдыққандар күрт өсіп, вирус жұқтырғандар қарасы күніне 100 мың адамнан асуы мүмкін деп отыр. Осыған орай дәрігерлер вирустың таралуымен күресу үшін, төртінші доза қажет болуы мүмкін дейді. Тұрғындар оны 4 айдан кейін ғана алады.

Хелена, Берлин тұрғыны:

- Қазір ең маңыздысы вакцина. Екпе салдырмағандарға шектеу бар. Мысалы, мейрамханаға бара алмайды. Біздің жанұямызда бәрі екпе алды. Маған тек ұнамайтыны толық вакциналансақ та кей кездері ПТР тест тапсыруды сұрайды. Бірақ бұған түсіністікпен қараймыз. Себебі, екпе салдырғандар вирусты таратушы болуы мүмкін ғой.

Нэнси, Берлин тұрғыны:

 - Пандемиядан баяғыдай емін-еркін кездесе алмайтын болдық. Бұл көп адамның көңіл күйіне әсер етіп, күйзеліске ұшыратқан. Мұндай жағдайды мен өзімнен де байқадым. Сондықтан қазір шағын топ болып жиналуға тырысамыз. Өзім екпе салдырғам. вакцинасыз дүкендерге де кіре алмайсың.