Йеменде әуе шабуылынан 14 адам қаза тапты

Йемен астанасы Санада Сауд Арабиясы бастаған Араб коалициясының әуе шабуылдарынан 14 адам ажал құшты.

Тағы 11 кісі жарақат алған. Түнгі рейд кезінде халықаралық әскери одақ 7 баллистикалық зымыран атқан. Бір жағдайда 5 тұрғын үй қираған.

Рейтер агенттігінің хабарлауынша, қаза тапқандар арасында әйелдер мен балалар бар. Мамандар құрбандар қатары көбеюі мүмкін деп қауіптенеді. Өйткені қирандылардың арасы әлі толық тексерілмеген және іздеу-құтқару операция тиісті деңгейде жүргізілмей жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш аталған қақтығысқа алаңдаушылық білдіріп, барлық тараптарды жағдайды ушықтырмай, ұстамды болуға шақырды. Естеріңізге сала кетейік, 17 қаңтарда Йемендегі хуситтік оппозиция күштері Біріккен Араб Әмірліктеріндегі 3 мұнай танкерін дрондардың көмегімен атқылап, 4 адамды мерт қылған болатын. Соған қарымта ретінде Араб коалициясы кеше әуе шабуылдарын бастады. 

Хуссам Али Әл-Адал, Сана тұрғыны: 

- Коалицияның әуе күштері бейбіт тұрғындардың үйлерін талқандап жатыр. Олар халықаралық деңгейде тыйым салынған зымырандарды қолдануда. Қаламыз қазір тура Хиросима сияқты. Тұтас аудандар қирандыға айналды. Марқұмдардың денесін табамыз деп, үйінді астын түні бойы аршыдық. 

 Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі: 

- Сауд Арабиясы бастаған коалицияның әуе шабуылдарынан бейбіт тұрғындар қырылып жатыр. Бас хатшы қарапайым азаматтарды қорғау үшін халықаралық адамгершілік заң талаптарын сақтау керектігін тараптардың есіне салады. Йемендегі қақтығысты тоқтату үшін толық мәмілеге келу маңызды.