Коронавирус кесірінен әлемде жұмыссыздық белең алды

Сарапшылар жақын арада жағдайдың тұрақталатынына сенбейді, деп хабарлайды Хабар 24.

Жаңа штамдардың кесірінен көптеген елдің экономикасы тұралап тұр. Қазір еңбек нарығындағы дағдарысты шешу үшін түрлі шешімдер қолға алына бастады. Жер жаһанды жайлаған жұмыссыздық мәселесі жақын арада шешілуі екіталай. Бұл халықаралық еңбек ұйымының болжамы.

Сарапшылардың айтуынша, еңбек нарығы 2023 жылы ғана оңалуы мүмкін. Жағдайдың тұрақсыздығына коронавирус пандемиясы себеп дейді мамандар. Ұйымның болжауынша, 2022 жылы әлемде дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 52 млн жұмыс орны азайып, 207 млн адам екі қолға бір күрек таба алмай қалуы мүмкін. Ең қиын жағдай Оңтүстік Шығыс Азия мен Оңтүстік Америкада болмақ.

Гай Райдер, халықаралық еңбек ұйымының басшысы:

– Әлемде жұмыссыздық мәселесі өте баяу шешіліп жатыр. 2019 жылмен салыстырғанда жұмыссыз жүрген азаматтар саны 1,8 процентке артқан. Бұл өте үлкен көрсеткіш. 2020 жылы еңбек кірісінің төмендеуінен 3,7 трлн доллар шығын келді. Әр мемлекеттегі ахуал әртүрлі. Жағдайдың бұлай ушығуына коронавирус пен оның штамдары әсер етті.

Індет жұқтырған науқастардың артуына байланысты көптеген елде мемлекеттік және жекеменшік қызметтердің жұмысы тұралап қалды. Толық табысынан айырылғандар да аз емес. Тіпті экономикалық әл-ауқаты мықты алпауыт әуе компаниялар да орасан зор шығынға батты. Мәселен, соңғы кездері омикронның кең етек жаюынан мыңдаған әуе рейстер кейінге шегерілді. Пандемия салдарынан әлем елдерінде инфляция деңгейі де шарықтап барады. Статистикаға сәйкес Еуроаймақтағы инфляция соңғы жылы 5 процентке артқан. Бұндай көрсеткіш бұрын соңды болмаған дейді сарапшылар.

Кристиан Линднер, Германияның қаржы министрі:

– Орталық банктер инфляциямен күресу үшін бірлесе жұмыс атқару керек. Монетарлық тұрақтылыққа баса мән берген дұрыс. Бізге жекеменшік және мемлекеттік секторларда тұрақтылық қажет.

Австралия билігі кадр тапшылығын шешу мақсатында шет елден келетін саяхатшылар, студенттер мен мигранттардың  визаға төлейтін міндетті жарналарын уақытша алып тастады. Осылайша Үкімет елге 200 мыңнан астам шетелдікті тартпақ ниетте. Мәселен, аймақтағы кәсіпорындарда жұмыс күші жетпейтіні сезіле бастады. Бұл өз кезегінде ірі сауда орындарының жұмысына кері ықпалын тигізді.

Скотт Моррисон, Австралия премьер-министрі:

– Алдағы 8 апта бойы студенттердің визасына жарна төленбейді. Сонымен қатар 3 ай бойы туристик виза үшін де төлем жасалмайды. Бұл елімізге саяхатшыларды тарту үшін қабылданған шара. Біз үшін меймандар демалып қана қоймай, ауыршаруашылық, мейрамхана мен өзге де сала қызметтерінде еңбек еткені тиімді.

Ал Таиландта пандемия басталғалы екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің қатары шамамен 1 млн 800 мың адамға жетті.  Әдетте аймақта көбінесе Мьянма, Лаос пен Камбоджадан келген заңсыз мигранттар жұмыс істейтін. Алайда пандемия кезінде олардың саны күрт азайды. Салдарынан 486 жұмыс орны бос тұр. Эпидахуалдың тұрақталмауынан шеттен келетін жұмысшылар шекара аса алмай отыр.