Қытайда демографиялық дағдарыс байқалады – сарапшылар

Қытай халқы біртіндеп азая бастайды деген болжам бар. Былтыр елде 10 жарым миллион нәресте дүние есігін ашқан. Бұл 1949 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш екен, деп хабарлайды Хабар 24.

70 жылдардан бері жалғасып келе жатқан «Бір отбасы – бір бала» саясаты халықтың табиғи өсіміне әсер еткен. Былтыр мұндағы халық саны жарты миллионға артқан. Елде туу мен өлім көрсеткіші бірдей деңгейге жеткен. Халық өсімінің баяулауына елдің экономикалық дамуы себеп болған. Қала тұрғындары санының артуы мен индустрилизацияның қарқын алуы да демографияға кері әсер еткен көрінеді. 

Нин Цзичжэ, ҚХР мемлекеттік статистика басқармасының басшысы:

– 2021 жылы туу көрсеткіші бірнеше себептерге байланысты төмендеді. Біріншіден, бала туу жасындағы әйелдер саны азайды. Былтыр 15 пен 49 жас аралығындағы қыз-келіншектер 5 миллионға азайып кетті. Екіншіден, туу көрсеткіші төмендеді. Кейінгі жылдары халықта бала тууға деген көзқарас өзгерді. Некеге тұру және босану жасы артты. Бұған жүктілік, босану мен бала тәрбиесіне қатысты шығындардың артуы секілді экономикалық факторларды қосыңыз. Коронавирус пандемиясы да туу көрсеткішіне кері әсер етті.

Бала туу көрсеткішінің төмендеуіне түрткі болған тағы бір себеп «Бір отбасы – бір бала» саясаты. 70 жылдардың аяғында басталған бұл талапты мемлекет тек 40 жылдан кейін жұмсарта бастады. Өткен жылы отбасыларға 3 бала тууға рұқсат етілді. Үкімет балабақша санын арттырып, олардың қолжетімді болуына назар аударды. Қалаларда жас отбасылардың баспаналы болуына көмек көрсетіле бастады.

Фан Цзинь, «China development research foundation» бас хатшысы:

– Бала тууға ынталандыру үшін Қытай үкіметі әйелдердің босану мен бала күтіміне қатысты демалысын ұзарту бойынша шаралар қабылдады. Бір жағынан бұл бала туу көрсеткішін арттыру үшін жасалса, екінші жағынан, мұндай шара бала денсаулығына қажет.

Сарапшылар қабылданып жатқан шаралар әлі де жеткіліксіз дейді. Бала туу көрсеткішінің төмендеуі кез келген мемлекеттің экономикасы дамығанда пайда болатын процесс екенін айтады. Әзірге қытай халқының саны бұрынғы деңгейде, бірақ 2050 жылға қарай 1 миллиард 300 миллион адамға азаюы мүмкін. 

Авторы: Ботагоз Сыргабаева