Германияда жалған ковид-төлқұжат жасатушылар көбейді

Жалған ковид төлқұжат жасататындар бізде ғана емес екен. Германияда екпеден қашып, осындай қадамға барып жатқандар аз емес.

Әсіресе, өткен жылдың соңында күрт көбейген. Өйткені ол кезде екпе салдырмағандардың жүріс-тұрысы шектелген.

Қазір бүкіл ел бойынша 12 мыңнан аса қылмыстық істің қозғалғаны белгілі. Жалған ковид-төлқұжат жасатқандар айыппұл төлейді. Жұмыстан шығару не бас бостандығынан айыру жазалары да бар. Тіпті, бір әйелге «кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Өйткені қарттар үйінде жұмыс істеген күдікті отбасы мүшелерінің коронавируспен ауырып жатқанына қарамастан жалған төлқұжат жасатып, қызметін жалғастыра берген.

Айта кеткен жөн, бүгінде Германияда тұрғындардың 73 проценті екпенің қажетті екі компонентін салдырды. Халықтың шамамен тең жартысы қайта вакциналаудан өткен.