Адыраспан коронавирустан қорғай ма?

Адыраспанның түтіні мен араның уы сан ауруға ем. Өзбекстандық дәрігерлерлер осылай дейді. Осылай деп қана қоймай, дәстүрлі медицина әдістерін заманауи емдеу процестеріне енгізіп жатыр. Енді мұның заманауи медицинаға пайдасы қандай? Көрші ел коронавируспен күресте тағы қандай қарекет қылып жатыр?

Өзбек халықтық медицинасында бұл өсімдік ерекше маңызға ие. Қазақша адыраспан бауырлас елдің тілінде ысрық деп аталады. Қоғамдық жер, әсіресе дүкен, базарларда оны жағып, түтінімен аумақты залалсыздандырып жатқан жағдайларды жиі кездестіресіз. Тіпті, кей медицина мекемелерінде бұл емдік тәсіл ретінде қолданылады.

Әдетте заманауи және дәстүрлі медицинаның қарама-қайшы тұстары көп. Бірақ бұл жерде екі тараптың да ойы бір-біріне ұштас. Адыраспан елдегі барлық емханада вирусты инфекциялардың алдын алуға қолданылады. Дәстүрлі емшілер мұны кәдімгі ем-домға қолданады.

Розмұхамад Холназаров, Өзбекстан халық медицинасы қауымдастығының төрағасы:

– Біздің халық ысрықты түрлі ауруға ем санайды. Әрбір үйде күніне кемінде 1 мәрте тұтатылып тұрады. Екіншіден, оның түтіні тыныс алу жолдарындағы вирустарды жояды. Және тұқымынан түрлі дәрі-дәрмек жасауға болады. Тері ауруларын емдейтін қабілеті де бар.

«Халықтық медицина өкілдері коронавируспен ауырғандарды араның уымен де емдейміз», - дейді. Мұны да дәрігерлер пайдалы әдіс деп есептейді. Бірақ коронавирустың жаңа штамдарына келгенде жағдай қиын. «Денсаулық сақтау саласы бекіткен ортақ ережелерді қолданған жөн», – дейді мамандар. Оның үстіне, қазір Өзбекстанда коронавирустың омикрон және дельта түрлері көбейіп барады.

Үкімет халықты жаппай вакцина салдыруға барынша үгіттеп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ұжымдық иммунитет әлі толық қалыптасқан жоқ. Өзбекстан халқының әзірге тек үштен бір бөлігі толық вакциналау курсынан өткен. Ревакциналау болса, баяу жүріп жатыр.

Надира Ахметжанова, пульмонолог дәрігер:

– Биыл балалар көп сырқаттанып жатыр. Көбіне кішкентайлардың өкпесі зақымданады. Оларды тек арнайы стандарттармен емдейміз.

Таяуда ел билігі вакцина салдыру міндетті болуы мүмкін екенін ескертті. Бірақ халықтың көбі оған қарсы. Жаңа талаптың жаппай иммундау үдерісіне қаншалықты әсер етері белгісіз. Елде жалған вакцина паспортын жасаушылар да азаймай отыр.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов