Германияда коронавирус жұқтырғандардың 70% омикронға шалдыққан

Германияда ковид жұқтырғандар саны да еселеп артып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда бір күнде 100 мыңнан аса адам дерт жұқтырған. Бұл пандемия басталғалы болмаған жағдай. Эпидахуал қиындаған соң вакциналауды міндеттеуге қатысты көптің пікірі де қақ жарылды. Кей саясаткерлер омикронды тек екпенің күшімен ғана жеңе аламыз деп есептейді.

Сарапшылардың ескертуінше, өте жақын арада қарапайым палаталар мен жансақтау бөлімдерінде орын тапшы болуы мүмкін. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі елде барлық азаматтардың вакцина алуға мәжбүрлеу керек деп жатыр. Әзірге бұл шара белгілі бір кәсіп иелері үшін ғана міндетті. Олардың арасында әскерилер бар. Екпеден бас тартқан сарбаздар жұмыстан шығарылады.

Юрген, Берлин тұрғыны:

– Мен жаппай вакциналауды қолдаймын. Білім саласында көп жыл жұмыс істедім. Күнде қыруар адаммен қарым-қатынаста боласың. Ауырып қалмау және індетті өзге әріптестер мен оқушыларға жұқтырмау өте маңызды. Бұл қауіптің дәрігерлерге де қатысы бар. Тек медициналық себебі бар тұрғындарды ғана мәжбүрлемеу керек. Ауруханалар науқастарға толып қалса, рак немесе басқа ауруға шалдыққандарды емдеу қиынға соғады. Бұл дұрыс емес.

Сондықтан билік медицина қызметкерлерін де міндетті түрде вакциналау керек деп есептейді. Бұдан басқа, емханаларда жұмыс істейтін тазалықшылар, аспаздар мен көлік жүргізушілері де екпе салдыруы тиіс. Олар 15 наурызға дейін вакцина алу немесе ауырып, жазылғаны туралы анықтау беруі қажет. Кері жағдайда 2500 еуроға дейін айыппұл төлеп, тіпті жұмыстан қуылуы мүмкін.  .

Мануэль, Берлин тұрғыны:

- Вакциналауды міндеттеу – өте қиын мәселе. Бір жағынан адамның құқығы бұзылады, екінші жағынан пандемияны тез жеңер едік. Меніңше, кейбір мамандық иелері үшін екпе салуды міндеттеу қажет. Өз басым 3 дозаны да салдырдым.

Келесі аптада міндетті вакциналауға қатысты Бундестагта ашық пікірталас болады. Саясаткерлердің пікірі қазір жік-жікке бөлінген. Жаңа шектеулер жариялау арқылы омикронмен күресу де қызу талқыланып жатыр.

Ернат Мелұслы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский