Байден Ресейге қатаң санкциялар салатынын ескертті

Джо Байден егер Ресей Украинаға шабуыл жасаса, бұрын соңды болмаған санкциялар салатынын ескертті, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл туралы АҚШ басшысы Ақ үйдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде мәлімдеді.

Әсіресе, Ресей банктеріне қысым күшейтілуі мүмкін. Байденнің айтуынша, Украина мәселесі НАТО-ны қақтығысқа араластырып, соңы ядролық текетіреске әкелуі мүмкін. Бірақ Ақ үй басшысы Путин мұндай қадамға бармайды деген үмітте. Ол осыған байланысты Мәскеумен қауіпсіздік кепілдігіне қатысты тағы келіссөз өткізуге ниетті екенін жеткізді.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

– Мен оған бұрын соңды болмаған санкцияларды салуға уәде беремін. АҚШ-тың қаржы ұйымдарында ресейлік операциялар шектеледі. Егер Ресей Украинаға қарсы әрекетін жалғастырып, агрессияға жол берсе, оның салдары өте ауыр болатынын ескертеміз.