Ұлыбританияда карантиндік шектеулер жеңілдетіледі

Келер аптадан бастап Англия карантиндік шектеулерді жеңілдетеді.

Желтоқсан айында үйден жұмыс істеуге кеңес беріліп, қоғамдық орындарда маска тағу және көпшілік шараларға тек ковид-төлқұжатпен кіру міндеттелген болатын. Енді бұл шектеулер келер бейсенбіден бастап күшін жояды. Егер бір ай бұрын күніне 200 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған болса, қазір олардың саны екі есеге дейін кеміді. Науқастанғандар көп болғанның өзінде аруханаға түскендер мен қайтыс болғандар азайды.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Кейбір жерлерде ковид жұқтыру жағдайлары көбеюі мүмкін болғанымен, ғалымдарымыздың пікірінше, Омикронның толқыны өзінің ұлттық деңгейдегі шарықтау шегін артта қалдырды. Бірақ қыстың соңғы апталарында сақтық танытқанымыз жөн. Өйткені Англияның өзінде ауруханаларда 16 мыңнан астам науқас жатыр.

Джонсон пандемия кезінде 150 мыңнан астам адамның өмірін сақтап қала алмағаны үшін айыпталды. Сондай-ақ өткен жылы қатаң шектеулер кезінде әріптестерімен бірге сауық кешіне қатысқаны үшін де сыналды. Ал бүгінгі бастамасы консерватор депутаттарды тынышталдыру үшін жасалып жатқан әрекет деп бағаланды.

Дэвид Дэвис, Ұлыбритания парламентінің депутаты:

– Мына жерде отырған әріптестерім сияқты мен де премьер-министрді ашулы сайлаушылардан апталар мен айлар бойы қорғадым. Мен оларға Борис Джонсонның Брексит, вакциналау науқаны сияқты жетістіктері туралы еске салдым. Бірақ бұл жолы үкімет басшысының қызметтен кеткенін талап етемін.

Омикрон штамы енді тарала бастағанда Ұлыбритания алғашқылардың бірі болып, дабыл қаққан және халықаралық сапарларға шектеу қойған елдердің бірі. Ал енді карантиндік шектеулерді жеңілдеткен Еуропадағы тұңғыш мемлекет болып отыр. Үкіметтегілер алдағы көктемде елді толығымен бұрынғы еркін өмірге қайта оралтатын жоспар ұсынбақ. Бірақ ковидтың жаңа штамдарына дайын болу керек. Вакциналау, вирусқа қарсы препараттар және тестілеу ғана індеттің таралуына тосқауыл бола алады дейді биліктегілер.

Ғалымжан Қараманұлы