Бельгиялық бойжеткен шағын ұшақпен дүниежүзін айналып өтті

Бельгиялық Зара Резерфорд жеңіл моторлы ұшақпен дүниежүзін жалғыз айналып шыққан ең жас ұшқыш әйел атануға жақын.

19 жастағы бойжеткен еліне оралар алдында Германиядағы Эгельсбах мекеніне аялдады. Резерфорд саяхатын былтыр тамыз айында Бельгияның батысындағы Кортрейк-Вевельгем әуежайынан бастаған. Содан жарты жыл ішінде 51 мың шақырымды еңсеріп, 52 елді басып өтіпті. Саяхатын аяқтаған соң бойжеткен университетке түсіп, ғарышкер болуды армандап отыр.  

Зара Резерфорд, ұшқыш:

– Бұл менің өмірлік арманым болды. Басында оны жүзеге асыру мүмкін емес сияқты көрінді. Бірақ егер оны ешкімге айтпасам асқақ арманым орындалмас деп ойладым. Содан ата-анаммен ақылдастым, олар қолдауын білдірді.