Мадагаскар: Антананариву қаласын топан су басты

Мадагаскар астанасы Антананаривуда бірнеше күн жауған толассыз жауын тасқынға ұласты. Табиғат апатынан 10 адам мерт болып, 12 мыңға жуық тұрғын баспанасынан айырылды. Шамамен 2400 үй топан су астында қалды. Мамандар Үнді мұхитынан келетін циклоннан таулы өңірлерде лай көшкіні жүруі мүмкін екенін ескертеді. Билік қауіпті өңірлерден тұрғындарды эвакуациялап жатыр.

Тонга тұрғындары жанартау мен цунамиден зардап шекті

Тонгада оянған Хунга-Тонга-Хунга-Хаапай деп аталатын жанартаудан аралдың тас талқаны шыққан. Бұл Вакалоа курортының қазіргі көрінісі. Күл мен шаң басқан көшеде сау қалған ғимарат жоқтың қасы. Апаттан келген шығын мөлшері де орасан. Жанартаудан кейін аралда цунами басталған. 3 адамның қаза тапқаны белгілі. Ақпарат көздері аймақтағы 105 мың тұрғынмен байланыс үзілгенін хабарлайды. Табиғат апатынан зардап шеккен өңірге Жаңа Зеландия билігі гуманитарлық көмек тиелген ұшақ жіберді. 

Фатафехи Факафануа, Тонга Корольдігінің парламент спикері:

- Барлық жер күлге айналды. Халық тазарту жұмыстарын бастады. Аралды қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт қажет. Ауылшаруашылық алқаптар түгел жарамсыз күйге түсті. Қазір аймаққа гуманитарлық көмек келіп жатыр.

Сирияда қалың қар босқындарды әбігерге салды 

Сирияның Алеппо қаласында жауған қалың қар аймақтағы босқындарды әуре-сарсаңға салды. Онсыз да жағдайы нашар мыңдаған босқынның күйі одан бетер қиындады. Жауын мен тасқыннан есеңгіреп қалған халық енді ақ ұлпамен әбігерге түсті. Шатырларда түнеп жүргендер күннің суығына шыдай алмай жатыр. Қар Ливан мен Иордания тұрғындарын да әбігерге салды. Табиғаттың тосын мінезінен кей өңірлерде жарық пен жылу өшкен.

БЛИЦ:

- Қар шатырға кіріп жатыр. Жағдайымыздың оңалатын түрі жоқ. Қолда бар затты, қағаз бен қоқысты жағып жылынып жүрміз.

- Бұл адам тұратын жер емес. Басында жауын жауып, тасқын басталған, енді қардың астында қалдық. Жоқшылық пен аштықтың зардабын тартып келеміз. Шатырларымыз құлап жатыр. Арамызда әйелдер мен балалар көп.

Таяу Шығыста қалың қар жауды

Ал Таяу Шығыста қар жамылған Голан шыңдарында тау-шаңғы курортты жерлері жабылды. Аймақта жауған қар лезде еріп жатыр. Синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Жақын арада қар аралас боран көтерілуі мүмкін.

Түркияның Сафранболу қаласы да қар құрсауында қалды. Ежелгі Осман империясынан келе жатқан әсем шаһар ақ жамылып ерекше кейіпке енді. Жергілікті тұрғындар бұған дән риза.