Өзбекстан: Орталық банк негізгі пайыздық мөлшерлемені бекітті

Өзбекстанның банк секторында проблемалық несиелер көбейді. Жалпы сома 19 трлн сомаға жетті. Сөйтіп, қаржы ұйымдарының біразында пайдадан көрі шығын көбейіп барады. Мұның соңы қалай болады? Болжау қиын. Бір анығы елдің орталық банкі тақауда негізгі пайыздық мөлшерлемені бекітті. Дегенмен елде көлік пен жылыжымайтын мүлік саудасы қызып тұр. 2020 жылмен салыстырғанда жаңа көлік мінгендер қатары мұнда 40 процентке артқан.

Өзбекстанның ең ежелгі тарихи орындары мен тарихи тұлғалары белгіленген бұл 100 сомдық банкнот. Ұлттық валютамызға шаққанда 4 мың  теңгеге тең. Елдің қаржы айналымындағы ең құнды қағаз ақша осы. Бірақ көп ұзамай бұл мәртебесінен айырылады. Себебі Орталық банк алдағы уақытта 200 сомдық номиналдар шығара бастайтынын хабарлады.

Елдің орталық банкі негізгі пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Яғни, 14 процент деңгейінде сақталды. 2019-2020 жылдары бұл көрсеткіш жоғары еді. Енді екінші деңгейлі банктер қосымша 2 пайыздық дәлізде несие тарата алады. Алайда қарапайым халық үшін бұл жеткіліксіз. Ел нарығында несие алушылар көп емес. Өзбекстандық 4 банк өткен жылды миллиардтаған шығынмен аяқтады.

Мамаризо Нұрмұратов, Орталық банктің төрағасы:

– Былтыр қараша айында проблемалық кредиттер үлесі 2 процент еді. Жыл соңында 5,2 процент болды.Соған сай банктердің таза табысы проблемалық несиелерге арналған резервтерге жұмсалды. Саладағы жаңа технологиялардың енуі де банктердің табысын бұрынғыдай емес, 5-6 процентке дейін азайтты. Есесіне сервистер кезең-кезеңімен цифрландырылып жатыр.

Жалпы Өзбекстанда қолма-қол ақша айналымы артып тұр. Халық банктер ұсынатын қызмет пен несиеге жүгіне бермейді. Пайыздық мөлшерлемесін жоғары деп есептейді. Анығында сарапшылар да осындай пікірде. Мәселен, нарықта ипотекалық тұрғын үй бағдарламалары жоқтың қасы. Инфляция былтыр 10 процентті көрсеткен. Көбіне азық-түлік, бензин және көлік қымбаттады. Соған қарамастан, халықтың сатып алу белсенділігі төмендеген жоқ. Жылжымайтын мүлік пен көлік саудасы бойынша алда тұр. 2020 жылмен салыстырғанда автонесиелендіру арқылы жаңа көлік мінгендер қарасы 40 процентке көп.

Бехзод Хамраев, Орталық банк төрағасының орынбасары:

– Сыртқы нарықтағы шикізат пен энергетикалық ресурстар қымбаттап жатыр. Ғаламдық инфляция мен экономикалық дамудың бәсеңдеуі байқалады. Бұл дегеніміз елдің ішкі жағдайына әсер етпей қоймайды.

Орталық банк халықтың сатып алу белсенділігін арттыра түскісі келеді. Бірақ пайыздық мөлшерлемені бұдан әрі төмен түсіре алмайды. Сыртқы экономикалық факторлар кері әсер етуі мүмкін. Өзбекстан әлі де импортқа тәуелді. Елде ақшаның құнсыздануы да ғажап емес. Кей сарапшылар 200 сомдық жаңа банкноттың шығуын осы жағдаймен байланыстырып отыр.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов