Олимпиадаға баратын қазақстандық спортшылар карантин жағдайында жаттығып жатыр

Қысқы ойындарға аз қалды. Бірер аптадан кейін Бейжің төрінде кезекті Олимпиада басталады. Оған 95 елден 4 мыңға жуық қатысушы келеді деп күтіліп отыр. Бірақ бүгінге дейін АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Канада және Жапония сияқты елдер дипломатиялық бойкот жариялап, ресми өкілдерін жібермейтінін жеткізді. Соған қарамастан Қытай астанасы адамзат тарихында болмаған керемет спорттық шоу ұйымдастыруға бекініп отыр.

Араға 14 жыл салып Олимпиада алауы қайтадан Бейжіңге оралды. Иә, Қытай астанасы жазғы және қысқы ойындарды қабылдаған әлемдегі алғашқы қала атанбақ. Жергілікті билік бұл шараға тыңғылықты дайындалды. Қазірдің өзінде спорттық кешендер толықтай салынып, қолданысқа беріліп үлгерді. Санитарлық талаптар күшейтілді. Қаланың экологиясы жақсартылды. Тіпті олимпиадалық инфрақұрылымдар тек жасыл энергиямен қамтамасыз етіледі. Инфрақұрылым демекші, 2008 жылғы жазғы ойындарға салынған кешендер енді қысқы ойындарда да пайдаланылмақ. Осы мақсатта ұйымдастырушы тарап құрылыс саласында жаңа технология ойлап тауып, оны ойдағыдай жүзеге асырған.

Чжао Лицзянь, ҚХР СІМ ресми өкілі:

- Қытай тарапы халықаралық қауымдастыққа қауіпсіз және керемет қысқы ойындарды өткізуге салтанатты түрде уәде берді. Енді оны орындау үшін жергілікті билік барын салып жатыр.  Біз Олимпиада өткізу құқын алғаннан бастап осы бағытта жұмыстануға кірістік және әлі күнге дейін тынған жоқпыз. Өйткені Олимпиада ойындары спорт жанкүйерлері үшін, жалпы адамзат үшін үлкен мереке. Спорттық мереке.

Бейжің Олимпиадасының ашылуы 4 ақпанда болады. Ал жарыстың өзі одан ерте басталып кетеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар 15 спорттық бағыт бойынша сынға түседі. Ал сарапқа салынатын медальдар жиынтығы - 109. Оған қол созатындар арасында жерлестеріміз де бар.

Қазақстандық спортшылар бұл жолы 82 лицензия жеңіп алды. Олар қазір Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жабық карантин жағдайында жаттығып жатыр. Бірер күн бұрын ұлттық құраманың спорттық киімі таныстырылды. Ерекше айта кетерлігі, қазақстандық спортшылар тұңғыш рет елдің атауы қазақ тілінде жазылған формамен өнер көрсетеді.

Айгерім Тоқсанбек, ҚР ҰОК баспасөз қызметкері:

- Қалыптасқан дәстүр бойынша Мемлекет басшысы ұлттық құрамамен кездесіп, қыз-жігіттерге сәттілік тіледі.

"Дүбірлі додада ел намысын қорғау – мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Артынша ашылу салтанатында ту ұстап шығатын спортшыларымызға көк байрақты табыстады. Бұл құрмет шорт-тректен ұлттық құраманың капитаны Абзал Әжіғалиевке, паралимпиада спортшылары арасында шаңғышы Александр Герлицке бұйырды.

Абзал Әжіғалиев, шорт-тректен ұлттық құраманың капитаны

Иә, спортшыларымыздың қай-қайсы да «барымызды салып, елге олжалы оралуға тырысамыз» дейді. Бірақ қысқы ойындарда ол қиындау болады. Өйткені біздің елде бұл бағыттар кенжелеп қалған. Инфрақұрылым мен резервке қатысты мәселелер бар. Соған қармастан қыз-жігіттер үмітті ақтап, сенсация жасайды дегенге сенгіміз келеді. Ең бастысы, барлығы аман. Жарақат алғандары немесе коронавирус жұқтырғандары жоқ.  Олар Қытай астанасында 27 қаңтар күні чартерлік рейспен жеткізіледі.

Аслан Қаженов, Ботагөз Сырғабаева