Өзбекстан билігі Ауғанстанды тиімді экономикалық нарық санайды

Ауғанстан үшін қазір маңызды мәселенің бірі энергетикадағы түйткілдерді шешу. Сондықтан олар іргелес елдермен байланыс орната бастады. Жуырда Өзбекстанмен жаңа келісім жасасты. Құны 100 млн долларға пара-пар. Бұл жолы көрші елден 1 жылға электр энергиясы сатып алынады. Тәліптер өзбектермен тағы қандай келісімге қол қойды? Ұшақтары мен тікұшақтарын қайтару мәселесі қалай реттеліп жатыр? 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Ташкенттен оңтүстікке қарай 700 шақырым жерде Термез атты қала бар. Ауған елімен шекаралас жатыр. Сол жерде ірі сауда логистикалық орталық жұмыс істейді. Негізінен Өзбекстанның азық-түлігі, қала берді электроника бұйымдары ауған халқына саудаланады. Қазақстан мен Ресейдің де өнімдері шекара асады. Кейінгі кезде, әсіресе тәліптердің билікке келуімен аталған логистикалық орталықтың маңызы артты. Себебі сауда-саттық қолма-қол ақша және құрғақ порт арқылы жүріп жатты.

Өзбек билігі Ауғанстанды тиімді экономикалық нарық санайды. Арадағы байланысы бекем. Тек 1 жылдан бері Ауғанстаннан жеткізілген әскери ұшақтар бас қатырарлық басты мәселеге айналды. Тәліптер таяуда техниканы толық қайтаруды талап етті. Бірақ көрші ел бұл мәлімдемеге еш жауап қатпады. Ал жыл басында тәліптердің ресми делегациясы Ташкентте болып, Өзбекстаннан сағатына 2 млрд киловатт электр энергиясын сатып алу жөнінде келісім жасасты.

Жамал Хұсанжанова, Өзбекстанның энергетика министрлігі басқармасының басшысы:

- Ауғанстандағы бейбіт өмірді қалыптастыру үшін электр қуатын сатамыз. Тиісті келісімдер бар. Келешекте осы саладағы 10 жылдық шарт күшіне енуі тиіс. Ол үшін ауған еліне электр энергиясын тасымалдайтын желілерді іске қосуымыз керек.

Сарапшылардың айтуынша, ресми Ташкент ұшақтарды қайтаруға әлі асықпайды. Олай жасаса, әлемдік геосаясатта көзқарас өзгеруі мүмкін. Тәжікстан да осындай ұстанымда. Бұл елде де Ауғанстанның бұрынғы үкіметінен қалған ұшақтар бар.

Бақтиёр Эргашев, саясаттанушы:

- Бұл мәселенің шешімін табу оңай емес. Өзбекстан тәліптердің талаптарымен келісіп, ұшақтарды қайтарса Батыс елдері мен Ресей және Қытай тарапынан қарсы көзқарас қалыптасады. Егер біз келіспесек, Ауғанстанмен байланыс та нашарлайды. Бұл ел Өзбекстан үшін маңызды сауда серіктес.

Ауған елі 40 млн халық бар алып нарық. Қазақстан бұл жаққа бидай, ұн экспорттаса, Өзбекстан қажетті электр қуаты мен азық-түлік жеткізеді. Арадағы төлемдер былтырғыдай емес, тікелей банк аударымдарымен жүзеге аса бастады.

Бақтиёр Эргашев, саясаттанушы:

- Былтыр тікелей банк аударымдарын жасауға мүмкіндік болмады. 2-3 айдай төлемдер тоқтап тұрды. Қазір мәселе шешіле бастады. Сол елдегі әріптестеріміз Иран, Үндістандағы серіктестері арқылы аударымдар жасады.

Жаңа энергетикалық ұйғарым құны 100 млн долларды құрайды. Бұл 1 жылдық келісім. Кейін тағы ұзартылуы мүмкін. Екі елдің арасындағы тауар айналымы 700 млн долларға тең.

Рауан Мыңбаев