«Талибан» Батыс елдерінен көмек сұрайды

Тәліптер Батыс елдерімен Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек көрсету бойынша келіссөз өткізу үшін Норвегия астанасына барды, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл тәліптердің билікті басып алғалы батыс дипломаттарымен Еуропада алғаш кездесуі. Қозғалыс өкілдерін «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) сыртқы істер министрі Амир Хан Муттаки бастаған. Сонымен бірге ауған жерінде ең жойқын лаңкестік әрекеттерді жүзеге асырған «Хаккани» тобының жетекшісі Анас Хаккани бар. Үш күнге созылатын келіссөз барысында ауған азаматтық қозғалысымен де кездесу жоспарланған. Басқосуда елде адам құқығын сақтау мәселесі талқыланбақ.

Шафиулла Азам, «Талибан» қозғалысы делегациясының мүшесі:

– Біз батыс елдерінен ауған активтерін босатуды сұраймыз. Бұл мемлекеттер Ауғанстандағы экономикалық жағдай мен саяси ахуалды айыра білу керек. Одан қарапайым халық жапа шекпеуі тиіс. Халықаралық қауымдастық елдегі ашаршылық пен қыстағы қиын жағдайды ескеріп, ауған халқына көмек қолын созуы қажет деп ойлаймын.

Ослода тәліптермен келіссөз өткізуге қарсы 200-дей адам наразылық акциясын өткізді. Шараға қатысушылар тәліптер 2001 жылғы кездегі қатыгездігінен өзгерген жоқ, сондықтан қозғалыспен келіссөз жүргізу қателік дейді.

Ахмад Ясир, шеруші:

– Тәліптер бұрынғы кездегіден еш өзгерген жоқ. Қазір кей халықаралық қауымдастық айтып жатқандай Талибан байыпты қозғалысқа айнала қойған жоқ. Біздің Ауғанстандағы достарымыз да олардың өзгермегенін растап отыр.