Полиция ереуілшілерге су шашып, газ қолданды

Батыс елдерінде ковид шектеулеріне қарсы наразылық күшейді. Тіпті Бельгия астанасы Брюссельде ереуіл соңы тәртіпсіздікке және полициямен қақтығысқа ұласты. Сақшылар шерушілерге қарсы су шашып, газ қолдануға мәжбүр болды. Шерушілердің талабы қандай?

Брюссельде ковид шектеулеріне қарсы бас көтерген бұл ереуілшілер ЕуроОдақтың дипломатиялық қызметіне тиесілі ғимараттың есік-терезесін қиратты. Мұнымен қоймай, полиция мен журналистерге шабуыл жасады. Осылайша вакциналау куәлігін енгізуге қарсылық білдірген радикал жастардың шеруі тәртіпсіздікке ұласты. Сақшылар су шашып, көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болды.

Бұл кадрлар Еуропада емес, құдды бір үшінші әлемге жататын елдің бірінде түсірілгендей. Десе де кәрі құрлық үшін мұндай оқиғалар таңсық емес. Жалпы Брюссельде көшеге 50 мыңға жуық адам шыққан. Олар биліктің өткен жұмада вакциналауға қатысты қабылдаған шешіміне наразы. Себебі, үкімет наурыз айынан бастап алғашқы вакцинаның мерзімі тек 5 айға жарамды деп ковид-төлқұжатын қолдану үшін бустерлі доза салдыру міндетті болатынын мәлімдеген. Ал Еуроодақта бұл мерзім 9 ай деп белгіленген.

КОВИД-КУӘЛІКТЕРГЕ ҚАРСЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Наразылық толқуы бүкіл Еуропаға жайылып барады. Испанияның СевИлья тұрғындары да ковид шектеулеріне қарсы. Оларға вакциналау, әлеуметтік арақашықтық сақтау және бетперде кию талаптары ұнамайды. Басқа аймақтардан да адамдар келіп жатыр.

МІНДЕТТІ ВАКЦИНАЛАУҒА ҚАРСЫ ЕРЕУІЛ

АҚШ астанасында да биліктің вакцинаны міндеттеуі және бетперде кию тәртібіне қарсы наразылық шарасы өтті. Мыңдаған адам Вашингтондағы Ұлттық саябаққа жиналды. Олардың қолынан «Вакциналар - жаппай қырып-жоятын биологиялық қару» деген жазуы бар плакаттарды байқауға болады.

КОВИД-РҰҚСАТ КУӘЛІКТЕРІНЕ ҚАРСЫ НАРЫЗЫЛЫҚ

Франциядағы шерулер бейбіт өтіп жатыр. Наразы топ ұран сөздер айтып, муызкалық аспаптарда ойнады. Қазір бұл елде ковид куәлігінсіз қоғамдық орындарға баруға болмайды. Осыған орай көшеге 38 мың тұрғын шыққан. Жаңа шектеулер алдағы дүйсенбіде күшіне енуі тиіс.