Грекияда вакциналау орталықтары уақытша жабылды

Грекияны қар басты. Әсіресе ел астанасы Афина мен бірнеше курорттық аймақтағы ахуал күрделі.

Мұнда көлік қозғалысы қиындап, жол апаттары көбейген. Бірнеше елді мекенге қатынау мүмкін болмай тұр. Күннің қолайсыздығына байланысты 46 мыңнан аса білім беру мекемесі онлайн оқуға көшкен. Әуе рейстері кейінге шегерілді. Кейбір вакциналау орталықтары уақытша жабық тұр. Билік тұрғындарды мүмкіндігінше тысқа шықпауға шақырады. Қазір көшені тазалайтын техника жетіспейді. 

Теодорис Петру, көлік жүргізушісі:

- Біз діттеген жерімізге жете алмай, екі ортада қалып қойдық. Мында тоңып тұрғанымызға 3 сағат болды. Біз жолға шыққанда қар онша көп болмаған еді. Алайда сағат сайын ахуал қиындап барады.

Ыстамбұлдағы университеттер сәрсенбіге дейін жабық болады

Түркия тұрғындарын да табиғаттың тосын мінзеі әбігерге салды. Ыстамбұлда қар қалың түсіп, Босфор бұғазы бойынша қозғалыс уақытша тоқтады. Халықаралық әуежай да уақытша жабылды. Күннің қолайсыздығына байланысты жергілікті университеттер сәрсенбіге дейін жұмыс істемейді. Мамандар қар әлі де жауатынын ескертті.