Буркина-Фасода әскерилер билікті басып алды

Буркина-Фасода әскерилер төңкеріс жасап, билікті басып алды. Сөйтіп, президент Рок Марк Кристиан Каборе орнынан кетті.

Мұны бір топ офицер мемлекеттік телеарна арқылы жариялады.

Олардың мәлімдеуіше, ел үкіметі мен парламент таратылған. Шекараны жауып, түнгі уақытта коменданттық сағат енгізілген. Президенттің өзін қай жерде ұстап отырғандары белгісіз. Ақпарат құралдары төңкерісті Сақтау және қалпына келтіру патриоттық қозғалысы жасағанын хабарлады. Буркина-Фасодағы бүлік жексенбі күні басталған. Басында сарбаздар үкіметтен әскери басшылықты отставкаға жіберіп, лаңкестермен күреске қосымша қаржы бөлуді талап еткен еді.

Сидсорт Кабер Уэдраого, әскерилер өкілі:

- Елде қауіпсіздікке байланысты жағдай нашарлап, ұлтымызға қауіп күшейді. Президент Каборе халықты ұйыстырып, жағдайды өзгерте алмады. Сондықтан "Сақтау және қалпына келтіру патриоттық қозғалысы" ұлт алдында жауапкершілікті өз мойынына алып, президент Рок Каборенің билігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Елде операцияның барлығы қантөгіссіз өтуде. Буркина-Фасо өзіне алған барлық халықаралық міндеттерді орындай береді. 

Ұзынқұлаққа қарағанда халық әскерилерді қолдап отыр. Жексенбі күні бүлік басталғанда жүздеген адам көшеге шығып, билеуші партияның кеңсесіне шабуыл жасап өртеп жіберген. Ал БҰҰ әскерилердің төңкерісін айыптап заңды билікті қалпына келтіруге шақырды.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі:

- Бас хатшы Буркина-Фасодағы болып жатқан оқиғаларға алаңдаушылығын білдіріп, ке келген билікті қару арқылы басып алу әрекетін айыптайды. Елдегі жағдайға байланысты барлық тараптарды ұстамдылық танытып, диалогқа шақырады. Буркина-Фасо халқына ел мәселелерін шешудегі талпыныстарына қолдауын білдіреді.