Ж. Боррель: Ресейдің Украинаға шабуыл жасау қаупі жоқ

Еуропалық Одақ қазір Ресейден Украинаға ешқандай шабуыл жасау қауіпі төніп тұрған жоқ деп отыр. Бұл туралы Брюссельде Еуроодақ Кеңесінің отырысынан кейін ұйымның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель мәлім етті.

Сондықтан Украинадағы Одақ елдерінің азаматтарына сақтық шараларын қабылдаудың еш қажеті жоқ дейді. Еуроодақ Сыртқы істер министрлері мұндай шешімге АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен келіссөзден кейін келген. Кеңес отырысына қатысушылар барлық тарапты Ресей мен Украина шекарасы маңындағы жағдайдың ушығуына жол бермеуге шақырды. Айта кетейік, өткен күндері Украина төңірегіндегі жағдай шиеленісе түсті. НАТО Шығыс Еуропаға қосымша әскер мен ұшақ, кемелерін аттандыратынын мәлімдеген. 

АҚШ Еуропаға 8 мыңнан астам сарбазын аттандыруға дайын. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Джон Кирби мәлімдеді. Оның айтуынша, әскерилер жоғары әзірлік жағдайында тұр. Қажет болған жағдайда НАТО хаттамасына сай Еуропаға аттанады. Пентагон өкілі, сондай-ақ АҚШ Украинадағы өзінің әскери кеңесшілері мен нұсқаушыларын әзірге алып кетпейтінін айтты.  

Джон Кирби, Пентагон баспасөз хатшысы:

 - Мен тағы қайталап айтамын, әзірге әскери күштерді жоғары дайындық жағдайына келтіру туралы шешім ғана қабылданды. Бірақ өзге миссияларды орналастыру туралы шешім жоқ.

Жозеп Боррель, ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:

 - Мен бұған дейін айтқанымдай, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен, Ресеймен келіссөзге дейін де, кейін де кездесіп, сұхбаттастым. Бірақ қазірге дейін ешқандай тың жаңалық естіген жоқпын. Шұғыл шабуыл болады деп алаңдайтындай нақты күдік жоқ. Мемлекеттік хатшы Блинкенді тыңдап, өзара ақпарат алмасқан соң, сақтық шараларын қабылдаудың қажеті жоқ деген ұйғарымға келдік.

ЕО Украинаға 1,2 млрд еуро бөледі

Еуропалық Одақ Ресеймен шекарадағы жағдайға байланысты Украинаға 1,2 миллиард еуро бөлетінін мәлім етті. Одақ сондай-ақ Киевке жаңа макроқаржылық көмек жобасын дайындап жатқанын жеткізді.

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Мен бүгін Украинаға шұғыл қарыз бен грант түрінде жаңа көмек пакетін жариялаймын. Еурокомиссия ең алдымен 1,2 миллиард еуро көлемінде макроқаржылық көмек ұсынады. Бұл қақтығысқа байланысты Украинаға қаржылық қажеттіліктерін өтеуге жәрдемдеседі. Бұдан бөлек біз жуықта елді жаңартуға бағытталған қазіргіден де ауқымдырақ екінші макроқаржылай көмек көрсету бағдарламасын дайындауға кірісеміз.