Ауған әйелі күнкөріс үшін екі қызы мен бүйрегін сатты

Қытымыр қыс ауған халқын тығырыққа тіреді. Бала-шағасын асырай алмаған әйел мардымсыз ақшаға балалары мен бүйрегін сатқан, деп хабарлайды «Хабар 24»  британиялық «Гардиан» басылымына сілтеме жасап.

Ауғанстанның Герат провинциясында 8 баласы бар, бірақ жүрек жалғайтын түгі жоқ әйел 8 және 6 жастағы 2 қызын 950 доллардан сатуға мәжбүр болған. Сонда да жағдайы оңалмаған ана 1350 долларға оң жақ бүйрегін тағы сатқан. Сұмдық оқиға туралы британиялық «Гардиан» басылымы хабарлады. Ал Бимиан провинциясында 5 баласы бар отбасы үңгірде тұрып жатыр.

Рәзия, провинция тұрғыны:

– Жалпы қыста жылда жағдайымыз қиындайды. Бірақ биылғы қыс өте ауыр болып тұр. Күйеуім базарға барып, күріш, ұн қаптарын тасып, қара жұмыс істеген болады. Сондағы табатыны бірер тиын-тебен ғана. Көбіне жұмыс мүлде болмайды.

Ауғанстанда баспанасы жоқ 3 жарым миллион тұрғын қысқы суықта лашықта тұрып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша 40 миллион халықтың жартысынан астамы аш-жалаңаш.

Хадос, Кабул тұрғыны:

– Қыста мына жерді жылытудың өзі мүмкін емес. Отын ала алмаймыз. Жақын маңда ағаш та жоқ. Балаларыма қоқыс, пластик жинатамын. Мына жаман үйдің қабырғалары құлайын деп тұр. Қар аралас жаңбыр жауғанда төбесінен су ағады. Балалардың аяғына кигізетін шұлық та, аяқ киім де жоқ. Салафанмен орап қоямыз.

СИРИЯЛЫҚ БОСҚЫНДАРДЫҢ ХӘЛІ МҮШКІЛ

Бұл Ливандағы сириялық босқындардың мекені. Төбесі тесік. Қар аралас жаңбырдан аққан су сарылдап ішке ағып жатыр. Осылайша миллиондаған сириялық босқын биыл он бірінші қысты жат жердегі мигранттар лагерінде өткізіп жатыр.

– Шатыр тесілген. Одан аққан су маған және балаларыма тиіп жатыр. Бәріміз ауруға айналдық.

Авторы: Ернат Мелсұлы