Қырғыз елі де электр қуатынсыз қалды

Орталық Азия бірлескен энергожелісіндегі апатты жағдай кесірінен бүгін түскі уақытта Қырғызстан бойынша жарық бүкіл республикада өшіп қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөнген бағдаршамдар мен тұралап қалған көлік қозғалысы. 12:30-да Бішкек күтпеген жерден аласапыранға айналды. Санаулы минутта қалада бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жолдағы қарбалас тек жарты сағаттан кейін жол полицейлеріне ішкі әскер көмекке келген соң ғана реттеле бастады.  

Көп ұзамай Энергетика министрлігі мәлімдеме жасап, елдің басым бөлігі жарықсыз қалғанын жеткізді. Атап айтқанда, Шу, Баткен, Талас облыстарында, сондай-ақ Бішкек, Ош, Қаракөл мен Жалал-Абад қалаларында іркіліс бары белгілі болды. Салдарынан тұрғындар күтпеген қиындықтарға тап болды. Бішкектегі көпқабатты үйлерде 40 адам лифт ішінде қалып қойды. Тау-шаңғы шипажайларында да ұқсас оқиға тіркелді. Бірнеше турист арқанжолда тұрып қалған. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ. Десе де жарық жаппай сөнгенімен ауруханалардың ешқайсысы жарықтан ажыратылмаған. Бәрі автономды генераторларға көшкен. Манас әуежайы да қалыпты режимде жұмыс істеді. Өз кезегінде, билік елдегі жарық мәселесін шешу үшін Орталық Азия бірлескен энергожелісінен шығуына тура келді.

Жийде Зоотбекова, Қырғызстан энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы:

– Энергетика министрлігі атынан мен жақын арада барлық қырғызстандықтардың үйлеріне электр қуаты берілетінін ресми түрде хабарлаймын. Қазіргі уақытта барлық өңірді электр энергиясына кезең-кезеңімен қосу жүріп жатыр. Сәл шыдамдылық танытуларыңызды өтінемін. Таяу уақытта елдің Энергетика министрлігі мәселені шешеді.

Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, елдегі бірде-бір нысанда оның ішінде Бішкектегі жылу электр станциясы мен су электрстанциясында апат болмаған. Ақау Орталық Азия бірлескен энергожелісіндегі төтенше жағдай кесірінен болған. Алайда оның нақты қай жерде болғаны айтылмады.