Анталияға 29 жылдан кейін алғаш рет қалың қар жауды

Түркияның қос қаласы – Анталияға 29, Мармариске 13 жылдан кейін алғаш рет қар түсті. Қолайсыз ауа райы тұрғындар мен жолаушыларды әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе Ыстамбұлда жағдай ушыққан. Қалың жауған қар салдарынан кешелі бері жүргізушілер жолда түнеп, мегаполиске бет алған ұшақтардың дені көрші провинцияларға қонды. Салдарынан Ақтеңіз жағалауын бір-бірімен байланыстыратын жол жабылып, қозғалыс түгелдей тоқтап қалды. Синоптиктердің болжамынша, қардың қалыңдығы алдағы күндерде 2-20 сантиметр аралығында болмақ.

Ал Ыстамбұлда тұрғындар көліктерін қар құрсауынан шығара алмай әлек. Кешелі бері үйлеріне жете алмай жүргендер бар. Осыған байланысты қала губернаторлығы жеке машиналардың тысқа шығуына шектеу қойды. Мегаполисте қауіпсіздік, денсаулық және тасымал қызметкерлерінен басқа барлық жұмысшылар бүгін демалады.

Экрем Имамоғлұ, Ыстамбұл мэрі:

– Кеше айтқанымдай, қардың қалыңдығы 80 см жеткен аймақтар бар. Кейбір аудандарда 1 метрден астам тығыздыққа жетті. Бүгін кешкі 18:00-ден кейін тағы қар жауу ықтималы жоғары. Азаматтарымыздан ескертулерімізді қатаң сақтауларын сұраймыз.

Әуе қатынастары түнгі он екіге дейін толық тоқтап, ұшып келуі жоспарланған ұшақтар басқа провинциялардағы әуежайларда тұрақтады. Кеше елордадан Ыстамбұлға бағыт алған жолаушы ұшағы, қолайсыз ауа райына байланысты Самсун провинциясына қонып, сапарын жалғастыру үшін қолайлы сәтті күтіп отыр. Жолаушылар әуекомпания тарапынан қонақүйлерге орналастырылған.

Еркін Салиев, АҚШ азаматы:

– Қонарға бір сағат қалғанда бағытымызды ауыстырды. Экипаж мүшелері қалың қардың қаптағанын айтты. Кіші қалада бізді қонақүйге орналастырды. Қасымызда 1 жасар баламыз болғандықтан, жағдай біршама біз үшін қиын болып тұр.

Жолаушылардың қатарында қысқы демалыстан Сиднейге бет алған «Болашақ» бағдарламасының студенттері де бар. Айтуларынша, транзиттік аймақтағы бұл жағдай алдағы бір айдағы күн көріс қаражатынан да айырмақ.

Нұрсұлтан Мұсаханұлы, ҚР азаматы:

– «Болашақпен» келісім шарт бойынша біз өзіміздің тұратын қаламызда бір айда кемінде төрт күн болуымыз керек. Төрт күннен аз уақытта болсақ, сол уақытқа стипендия төленбейді. Өзіңіз білетіндей, біздің ол негізгі қаржы көзіміз. Қазір айдың 25-і. Менің есебім бойынша 27-сіне дейін Сиднейде болуым керек.

Жергілікті билік мәліметінше, Ыстамбұлда жолда қалып қойған 5 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Қалғаны кезегін күтіп отыр. Ондаған шақырымға созылған кептеліс мәселесі алдағы сағаттарда шешіледі деп күтілуде.

Айбарс Четин, тұрғын:

– Түркияда қаншама жылдан кейін осындай қар жауып отыр. Жаман жағы – кептеліс. Жақсы тұсы – жергілікті қазақтар ретінде қарға деген сағынышымызды басып отырмыз.

Ал кептелісте қалмай, үйлерінде отырған халық мәз-мейрам. Ондаған жылдан бері қалың қарды көрмеген жұрт сыртқы шығып қар атысып ойнап жүр. Ал қандастарымыз бұл күнде сүтті шай әзірлеп, жергілікті қоғамдастықта бас қосты.