В. Зеленский: Ресейден қауіп төніп тұрған жоқ 

Украина президенті Владимир Зеленский кеше 2 рет халыққа үндеу жолдап, өсек-аяңға сенбеуге шақырды.

Оның айтуынша, Ресей тарапынан елге еш қауіп төніп тұрған жоқ, жағдай бақылауда. Қазір Ресей, Франция және Германия басшыларының кездесуі қарастырылып жатыр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Еуроодақ болсын, өзге де мемлекеттер болсын ешқайсысы елшілік қызметкерлерін алып кетіп жатқан жоқ. Ал кей мемлекеттердің дипломаттарын шығаруы бұл қақтығыс міндетті түрде болады дегенді білдірмейді. Бұл одан көрі дипломатиялық ойынның бір бөлігіне ұқсайды. Біз әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.

АҚШ: БАЙДЕН ПУТИНГЕ ТІКЕЛЕЙ САНКЦИЯ САЛАТЫНЫН ЕСКЕРТТІ

Ал ресми Вашингтон Ресейдің Украинаға басып кіру қаупі бар деп өз айтқанынан қайтар емес. Президент Джо Байден егер оқиға осылай өрбісе, Ресей басшысы Владимир Путинге тікелей санкция салатынын ескертті. Және 2014 жылға қарағанда қатаңырақ шектеулер енгізем деп сес көрсетті. Ақ үй басшысы бұған дейін жарияланған 8 мыңнан аса сарбаздың бір бөлігін Еуропаға алдын ала аттандыруымыз да мүмкін дейді. 

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Украина шекарасы маңында өзгеріс жоқ. Бірақ мен президент Владимир Путинге егер Украинаға шабуыл жасалса, оның салдары ауыр болатынын екскерттім. Экономикалық санкциялардан бөлек НАТО-ның шығыс қапталын күшейтетін боламыз.

КАНАДАЛЫҚ ДИПЛОМАТТАР ОТБАСЫЛАРЫН АЛЫП КЕТЕТІН БОЛДЫ

«Сақтансаң – сақтайды» десе керек, кей мемлекеттер Украинадан елшілік қызметкерлерінің отбасын алып кетіп жатыр. Тақауда Канада елшілердің жақын-жуығын уақытша елге қайтаратынын жария етті. Бірақ ресми Киев бұл тым асығыс шешім деп отыр.