Танымал фотограф Париж орталығында үсіп өлді

Танымал фотограф Париж орталығында үсіп өлді
Рене Робер © Twitter / mompontet

Танымал фотограф Рене Робер 84 жасында Париж көшелерінің бірінде үсіп өлді. Тротуарда құлап жатқан ер адамға сегіз сағат бойы ешкім көмектеспеген, деп хабарлайды RTL радиосы. 

Робердің досы музыкант әрі журналист Мишель Момпонтенің сөзіне қарағанда, Робер үйінен 21:30-да шығып кеткен. Жолда мазасызданып, есінен танып қалған. Фотограф тротуарда қозғалыссыз 8 сағаттай жатып қалған. Тек таңғы 5:30 шамасында үйсіз-күйсіз жүргендердің бірі полицияға ер адамның ес-түссіз жатқаны туралы хабарлаған.  

Рене Робер 1936 жылы Швейцарияда дүниеге келген. 12 жасынан бастап суретке түсіруге әуес болған. Лозаннада білім алып, өткен ғасырдың 60-жылдары Парижге қоныс аударған. Фламенко бишілерін түсірген суреттері жұртшылық арасында кеңінен танымал.