Ұлыбритания премьер-министрінің абыройы төгілгелі тұр

Локдаун кезінде Даунинг-стритте ұйымдастырылған сауық кеші Ұлыбритания премьер-министрінің жағдайын шайқалтуы мүмкін. Британ баспасөзі халық жаппай ауырып жатқан кезде ақсүйектердің тойлатуы жайлы хабарлап, полиция тергеу бастады. Оппозициялық лейбористер мен қарапайым британдықтар бұл қоғамдық маңызы бар мәселе деп, оны тексеруді қолдап отыр.

Премьер-министр Борис Джонсонның кеңсесіндегі кешке байланысты жағдай кеше жаңа бетбұрыс алды. Карантиндік шектеулер кезіндегі Даунинг-стрит қызметкерлерінің бейресми кездесулерін тергеуге Лондон полициясы қосылды.

Крессида Дик, Лондон қаласы полициясының басшысы:

– Қалалық полиция соңғы 2 жылда Даунинг-стрит пен Уайт-холлда өткізілген бірнеше іс-шараға қатысты тергеу жүргізіп жатқанын растаймын. Тексеріс пандемия кезінде енгізілген шектеулерді бұзуы мүмкін деген ақпарға байланысты қолға алынды.

Полиция тергеуге, ақпарат құралдары локдаун кезінде Джонсонның тағы бір кеш ұйымдастырғаны жайлы хабар таратқан соң кірісті. Оған қарағанда 2020-шы жылдың маусым айында Ұлыбритания үкімет басшысы ресми резиденцияда өзінің 56 жасқа толуын атап өткен. Тойға 30 шақты адам қатысқан. Джонсонның өзі Қауымдар палатасында іске қатысты түсініктеме беруден бас тартқанымен, тергеуге кедергі келтірмейтінін айтты.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Бірнеше апта бұрын министрлер кабинетіне Даунинг-стриттегі оқиғаларды тәуелсіз тексеру туралы тапсырма бердім. Себебі бұл іс-шаралар кезінде карантин ережелері бұзылған болуы мүмкін. Іс құқық қорғау органдарымен үнемі мәлімет алмасуды қажет етеді. Сондықтан полицияның жеке тергеу жүргізу туралы шешімін құптаймын. Бұл оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектеседі деп ойлаймын.

Бірақ қарапайым тұрғындар үшін бәрі тергеусіз-ақ түсінікті болғандай.

Рейтер агенттігі хабарлағандай, Борис Джонсонның абыройын төккен жанжал өткен жылдың соңына таман пайда болған. Бірқатар басылым Премьер кеңсесі 2020 жылдан бері барлық карантин кезінде сауық кештерін өткізіп отырғанын айтады. Джонсонның өзі тек бір кешке жұмыс бабымен ұйымдастырылған кездесу шығар деп қатысқанын айтып, кешірім сұрады. Ал полиция тергеу қорытындысын қашан жариялайтыны белгісіз. Бірақ осы аптада Сью Грей бастаған комиссия шешім шығаруы тиіс. Дегенмен жергілікті ақпарат құралдары бұл комиссия өзінің қорытындысын тек полиция тергеуінен кейін жария етуі мүмкін деп жазып жатыр.

Дәурен Ақашұлы