Оңтүстік Кореяда коронавирус өршіп барады

Кейінгі тәулікте 13 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. Бұл антирекорд. Осы күнге дейін көрсеткіш 10 мыңнан аспай келген еді.

Мамандар "таңқалатын түк те жоқ" дейді. Олар бәріне тез жұғатын омикрон себеп екенін айтады. Сондықтан "сұмдықтың бәрі әлі алда" деп ескертеді.

Сарапшылардың болжауынша, алдағы аптада тәуліктік өсім 20-30 мыңға дейін жетеді. Бұл ретте елде вирусты анықтап, оны емдеудің жаңа жүйесі енгізілді. Енді қауіпті топқа кіретін тұрғындар ғана ПТР-тест тапсырады. Ал қалғандары антигенге экспресс-тест арқылы тексерумен шектеледі. Карантин мерзімі 10 күннен 7 күнге дейін қысқарды.   

Сон Ён Рэ, Оңтүстік Корея денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

- Тәуліктік өсім бойынша антирекорд орнатылды. Кейінгі екі аптада вирустың қайтадан қарқын ала бастағанын көріп отырмыз. Әсіресе омикронға қатысты қауіп күшейіп барады. Екі айдан аз уақыт бұрын елімізде анықталған ол, бүгінде басым штамға айналып үлгерді. Сондықтан біз вируспен күресу үшін жаңа жүйе енгізіп отырмыз.

Францияда бір күнде вирус 500 мың адамнан анықталды

Францияда антирекорд. Кейінгі тәулікте мұнда жарты миллионнан астам адамның тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Мұнда омикрон тез тарап барады. Алайда мамандар оның басқа штамдармен салыстырғанда жеңіл өтетінін айтады. Сондықтан билік келесі айда шектеу шараларының көбін жеңілдетеміз деп отыр.