Өзбекстан нарығында газ тапшы

Өзбекстанда электр қуаты қалалар мен елді мекендердің 70 процентіне берілді. Әлі де жарықсыз отырған аймақтар бар. Бұған қоса ішкі нарықта газ тапшы. Көгілдір отын көлік иелері мен бизнес нысандарға мүлде берілмей жатыр. Жағдай қашан оңалады? Қазақстан көрші елге қандай көмек береді?

Кеше Өзбекстан көшелері нағыз тас түнекке айналды. Ымырт үйіріле Ташкентте жүру қауіпті саналды. Жарық тек түн ауғанда беріле бастады. Елдің күштік құрылымдары күшейтілген режимде жұмыс істеп, қоғамдық тәртіпті күзетті. Таң ата тұрғындар тағы бір мәселеге тап болды. Көп қабатты үйлерде жылу жоқ. Газдың да қысымы төмен.

«Тұтас ел электр қуатынсыз қалғанда мұнай-газ өңдеуші кәсіпорындар өндірістік қуатын азайтып алған», - дейді мамандар.

Эльмира Бекмұрадова, Өзбекстанның энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Осы жағдайға байланысты газ компрессорлы станциялар жұмысына уақытша шектеу енгізілді. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар қатарына жатпайтын кәсіпкерлік мекемелерге көгілдір отын беру тоқтатылды.

Құзырлы министрлік жағдайды тек газ өңдеуші кәсіпорындар жақсарта алады дейді. Бұл үшін өндірілген отын толығымен жылу электр орталықтарына жіберілуі тиіс. Қазір электр қуаты елдің басым бөлігіне берілді. Есесіне бизнес нысандар мен газ құю бекеттері көгілдір отынсыз қалды. Басым бөлігі енгізілген шектеуге байланысты жабық тұр. Құзырлы ведомство «ахуал алдағы күндері оңалады» деп сендірді.

Фарход Толипов, сарапшы:

- Бұл жерде мәселе соншалықты күрделі емес. Бір-екі күндік тапшылық ғана болуы мүмкін. Проблема негізінен кәсіпорындардың технологиялық ерекшелігінен туындап тұр. Нақты себебі алдағы уақытта белгілі болады.

Бірер күн бұрын Өзбекстан сыртқа газ экспортын тоқтататынын мәлімдеген еді. Көгілдір отын тек ішкі нарықта өңделіп, отандық тұтынушыларға ұсынылатын болды. Егер билік тапшылық мәселесін реттей алмаса, көрші елдердің көмегіне жүгіне алады. Бұл ретте құзырлы ведомство өкілдері Қазақстанмен тиісті келісім барын атап өтті. Яғни төтенше жағдай кезінде екі мемлекет бірін бірі қажетті өніммен қамтамасыз етуге уағдаласқан. 

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатуляганов