Францияда «Норманд төрттігі» кеңесшілерінің келіссөзі өтті

Парижде Украина мәселесіне қатысты «Норманд төрттігі» көшбасшыларының кеңесшілері бас қосты, деп хабарлайды Хабар 24.

Франция, Германия, Ресей және Украина өкілдерінің кездесуі Елисей сарайында өтті. Ресей делегациясын президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дмитрий Козак, ал Украина тарапын президент Владимир Зеленский кеңсесінің басшысы Андрей Ермак бастап барды. 5 сағатқа созылған келіссөз барысында 2015 жылғы Минск келісімі талқыланды. Басқосу нәтижесіз аяқталғанмен, тараптар 2 аптадан кейін Берлинде қайта кездесетін болып шешті.

Дмитрий Козак, Ресей президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:

– Кездесуде біз Минск келісімінің айырмашылықтарын тағы бір қарастырып, Украина мен «Норманд төрттігінің» қалған өкілдерімен қосымша кеңес өткізіп, сосын 2 аптадан кейін Берлинде қайта кездесетін болып шештік. Мақсат соңғы 7 жылда шешілмей келе жатқан мәселелерге жауап табу.

Андрий Ермак, Украина президенті аппаратының басшысы:

– Норманд форматындағы келіссөздің қайта өткізілуінің өзі жақсы нышан. Бүгін қиын болса да, келіссөз пайдалы өтті. Басты нәтиже Норманд төрттігінің  барлығы атысты ешқандай талап қоймай тоқтатуды қолдап отыр.