Еуропа елдері Украина мәселесіне алаңдаулы

Берлинде Германия қорғаныс министрі Кристина Ламберхт британиялық әріптесі Бен Уоллеспен кездесті, деп хабарлайды Хабар 24.

Қос елдің өкілдері Украина шекарасы маңындағы жағдайды талқылады. Германия министрі мәселені бейбт келіссөзбен шешуді қолдайтынын айтып, осы себепті Украинаға қару-жарақ жеткізуден бас тартқанын жеткізді. Ал Ұлыбритания Қорғаныс министрі егер Ресей Украинаға шабуыл жасаса, «Солтүстік ағыс-2» құбырын іске қосу мәселесін қайта қарау керектігін ұсынды.

Бен Уоллес, Ұлыбритания қорғаныс министрі:

– «Солтүстік ағыс-2» өте маңызды жоба. Германия канцлері бұған дейін бұл мәселе қайта қаралуы мүмкін деп айтқан болатын. Менің ойымша, егер Ресей Украианға шабуыл жасаса, Еуропа бұл елді қаржыландыруын тоқтатуы керек.

Ал Канада Украинаның жауынгерлерін дайындау миссиясының мерзімін 3 жылға созып, оның құрамын кеңейтетін болды. Бұл туралы осы елдің премьер-министрі Джастин Трюдо мәлімдеді.

Оның айтуынша, Оттава Киевке тағы 60 әскери нұсқаушысын аттандырып, олардың санын 400-ге жеткізбек. Бұл аздай құрал-жабдықтар және кибершабуылға қарсы көмек беруге де ниетті.