Грузияда ұн өндіретін зауыттар жаппай жабылып жатыр

Грузияда диірмендердің жұмысы тоқтап тұр. Өйткені бәсеке артқан. Оған елге бидайдың орнына ұнның импортталуы себеп, деп хабарлайды Хабар 24.

Былтыр грузиндер тауардың бұл түрін жаппай Ресейден тасыған. Сөйтіп өз ішінде, жұрт жұмыссыз қалып, диірмендер тоқтап қалды. Ақшаң болса, диірмен сал деген грузин халқының даналығы қазіргі заманның талабына сай келмей тұр. Бүгінде Грузияда ұн тарту өнеркәсібі өз ісін дөңгелете алмай отыр. Қазір ұн көбінесе Ресейден импорттала бастады. Өйткені 2021 жылы салынған баж салығынан бидайдың құны шарықтап кеткен.

Леван Силагава, бидай мен ұн өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры:

– Грузияға Ресейден импортталатын ұнның бажы 0 процент, ал бір тонна бидайдың бажы 92 доллар болуы тауар импорттың статистикасын айтарлықтай өзгертті. Желтоқсан айында елге 6 мың тонна ұн әкелінді. Бұл маусым айының басындағы көрсеткішке қарағанда 6 есеге артық. Ал бидайдың 6 мың тоннасы ғана сатып алынды. Бұл бұрынғыға қарағанда 10 процентке кем. Әрине ұн мен бидайға салынған баждың бірдей болғаны жақсы болар еді.

Былтыр Грузияда бәсекеге төтеп бере алмаған ондаған зауыт жабылды. Көбі шағын және орта бизнес кәсіпорындары. Ал биыл ірі өнеркәсіп орындары жабылуға шақ қалды. Бұл нарықтағы ахуалға кері әсерін тигізуі мүмікн дейді сарапшылар.

Леван Джанашиа, агрокомпанияның құрылтайшысы:

– Бізде екі өндіріс орны бар. Бірі Тбилисиде, екіншісі Гориде. Тәулігіне 130 тонна бидай өңделетін. Қазіргі жағдайға байланысты Гори қаласындағы комбинаттың жұмысын мүлдем тоқтаттық, ал мына жерде ұн өндірісі шамамен 60 процентке қысқарды.

Бұл агрокомпанияның өндіріс базаларында 100-ден астам адам жұмыс істейтін. Қазір соның 80%-і қысқарды. Шығын мөлшері орасан зор. Мұндай өндірістің әрбір тоқтап қалған күнінде зауыт 11 мың доллар қаржысын жоғалтады. Үкімет ұн тарту өндірісін сақтап қалуға мүдделі. Сондықтан тығырықтан шығар жолды іздеп жатыр. Ұнның қоры жиналып жатқан жоқ. Оның да жарамдылық мерзімі бар. Ал Грузияның бидайы тек 2 айға жетеді. Сондай-ақ бидай жеткізушілер қатарын ұлғайту мәселесі қаралып жатыр. Оның ішінде Украина мен Қазақстан да бар.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили