Шекарадағы атыс: Тәжікстан тарапынан екі адам қаза тапты

Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметі Қырғызстанмен шекарадағы қақтығыста 2 адамның қаза тапқанын хабарлады. Тағы 10-ы жарақат алған. Олардың алтауы тәжік сарбазы.

Ал Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиев 11 жауынгердің жараланғанын, бірақ бейбіт тұрғындар мен әскер арасында құрбандар жоқ екенін мәлімдеді. Атыс кеше түнде тоқтаған. Тараптар кездесіп, шекараға тартылған қосымша әскер мен техниканы алып кетуге, Баткен-Исфана арасындағы жолды ашуға және екі елдің қарулы күштері әрі қарай қақтығысты болдырмас үшін шекара бойындағы елді мекендерді бірге қадағалауға уағдаласқан. Шекарадағы жағдай кеше кешкілік ушыққан болатын. Алдын ала ақпарат бойынша жанжал қырғыз жағының Тәжікстан азаматтарының көлігіне тас лақтыруынан басталған. Сөйтіп, екі елдің тұрғындары арасындағы кикілжің шекарашылардың атысына ұласқан. Екі жақ та әскері мен соғыс техникасын әкелген.

Қырғыз-тәжік шекарасында атыс тоқтатылды