АҚШ-тың Питтсбург қаласында көпір қирап, он адам зардап шекті

АҚШ-тың Питтсбург қаласында көпір қирап, он адам зардап шекті

АҚШ-тың Питтсбург қаласында көпір қирады. Оқиғадан 10 адам түрлі жарақат алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Зардап шеккен 3 адам ауруханаға жеткізілген. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, апат кезінде көпір үстінде 4 автокөлік болған.

Апаттың нақты себебін анықтау үшін тергеу басталды. Питтсбург қаласының мэрі көпір өткен жылдың қыркүйегінде тексерілгенін айтады. Апат болған күні ел президенті Джо Байден Питтсбург қаласына іс-сапармен келуі тиіс еді. Онда ол шаһардың инфрақұрылымымен танысады деп жоспарланған. 

Айта кетейік, АҚШ-та 220 мыңға жуық көпір жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бұл ел аумағындағы көпірлердің шамамен 36 проценті. Ал Пенсильвания штатының өзінде 3198 көпір апатты жағдайда.