Режеп Тайып Ердоған Зеленскиймен кездесті

Түркия Украинаға қатысты шиеленісті тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын. Бұл туралы Режеп Тайып Ердоған Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесуінде мәлімдеді.

Түркия президенті дағдарыстан шығу үшін екі ел басшыларының кездескенін қалайды. Ал Түркияның екі мемлекетпен де қарым-қатынасы тәуір. Бірақ Анкара Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын, сол себепті Ресей бұл елге шабуыл жасар болса НАТО мүшесі ретінде әрекет ететінін меңзеді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Мен бұған дейін Түркияның екі достас мемлекет арасындағы мәселені шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын екенін айтқанмын. Бүгін де бірнеше мәрте атап өткенімдей, екі ел басшыларының кездесуін өткізуге әзірміз.

БЕЛАРУСЬ МИНСК УКРАИНАМЕН ШЕКАРАСЫН КҮШЕЙТУГЕ НИЕТТІ

Ал Беларусь Ресейдің көмегімен Украинамен арадағы шекарасын нығайтпақ. Бұл туралы президент Александр Лукашенко Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесуінде айтты. Тақауда қос мемлекеттің бірлескен әскери оқу-жаттығуы басталуға тиіс. Ал НАТО Ресей Беларусьтегі әскерін күшейтіп жатыр деп есептейді. 

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

– Өкінішке қарай, біз Украинамен арадағы 1 жарым мың шақырымға созылған шекараны нығайтуға мәжбүрміз. Сондықтан бұл істе сіздің елдің әскерінің көмегі өте маңызды. Олар бізге осы аудандағы осал тұстарымызды анықтауға мүмкіндік береді.

АҚШ ПОЛЬШАДАҒЫ ӘСКЕРИ АРСЕНАЛЫН ЖАҢАРТТЫ

АҚШ Польшаға жүздеген техникасын аттандырды. Пентагонның мәлімдеуінше, бұл НАТО шеңберінде әр 9 ай сайын жүйелі түрде жүзеге асырылатын ротациялық шара.

Айта кетейік, АҚШ 2017 жылы Альянстың Шығыс Еуропа елдеріне қолдау көрсету бағдарламасы аясында Польшаға өз әскерін орналастырған. Ал Балтық елдерінде Германия, Канада және Ұлыбритания жасақтары бар.