Грузияда пандемиядан мейрамхана бизнесі күйреді

Грузияда пандемиядан мейрамхана бизнесі күйреді

Грузияда бітпейтін шектеулер пандемияға дейін еркін көсілген мейрамхана бизнесін әбден тұралатты. Жұмыс болмаған соң шығын да көбейді. Жасыл төлқұжат енгізілген соң жағдай тіптен нашарлаған. Осыған байланысты үкімет елде коронавирустың алтыншы толқыны жүріп жатса да, біршама жеңілдік жасады. Бірақ осы уақытқа дейін, яғни 2 жылға созылған пандемиядан мейрамханалардың 70 проценті жабылып қалған.

Жасыл төлқұжат енгізілген екі айдың ішінде мейрамхана мен дәмханаларға келушілер қарасы күрт азайды. Қазір де тамақтану орындарында үлкен жиын-тойларды өткізуге шектеулер бар. Мейрамхана қожайындары бұл бизнестің дамуына кедергі дейді. 

Шота Бурджанадзе, Грузия рестораторлары қауымдастығының басшысы:

– Үйлену тойлары мен мерекелік шараларға қатысты барлық шектеулерді алса дейміз. Олар коронавирустың таралуын тежеп жатқан жоқ. Керісінше, кәсібімізді дамытуға кедергі. Омикрон тез таралады. Оны ешнәрсе тоқтататын түрі жоқ. Ал шектеулер тек мемлекет пен тұрғындарға тұсау салады.

Мына мейрамхана қонақ үй бизнесінің бір бөлігі болғандықтан ғана жабылмай тұр. Мұндағы қызметкерлердің 20 проценті қысқартуға ұшырамай, уақытша өзге бөлімдерге ауыстырылған. Бұл қазір мейрамхананы қайта тез қалпына келтіруге мүмкіндік беріп отыр.

Мирага Сеидов, компанияның бас менеджері:

– Былтыр індеттен қонақтардың орналасуына қарай қызметкерлеріміздің санын қысқарттық. Шектеулерден интерьерді ауыстырып, үстелдердің орналасуын өзгерттік. Мұның бәрі бизнесімізге көп зиян келтірді. 

Қазір мейрамхана бизнесіндегі мәселенің бірі – кәсіби маман тапшы. Пандемия кезінде 150 мыңдай адам, өзге елдерге кетіп қалған. Енді эпидемиологиялық ахуал түзеліп, туристер көптеп келсе, оларға қызмет көрсететін мамандар жетіспеуі әбден мүмкін. 

Дәурен Ақашұлы, Юлия Тужилкина