Украинаға қару-жарақ тонналап тасымалданып жатыр

Украинаға қару-жарақ тонналап тасымалданып жатыр

Польша елі әйгілі «Найзағай» деп аталатын қаруын Украинаға жақын арада жеткізбекші, поляктың бұл қаруы ұшақ, тікұшақ және дрондарды атып түсуге қауқарлы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Польша, Канада, Ұлыбритания және Америка. Соңғы бір айда Украина аумағына, әсіресе, осы елдердің ең заманауи қару-жарағы тонналап тасымалданып жатыр. Өз кезегінде Канаданың әскери көлік ұшағы да осы аптада Украинаға бағыт алды. АҚШ болса 22 қаңтарда Украинаға 170 тонна қару-жарақ пен оқ-дәріні тасымалдап үлгерді. Зеленский де жаңа жылдан бастап Украина армиясын бекітуге мықтап күш салып жатыр. 2022 жылдан бастап Украинада  аумақтық қорғаныс туралы заң күшіне енді. Жаңа заң аясында үш жыл ішінде Украина Қарулы күштерінің санын 100 000 кәсіби қызметкерге арттыру сияқты амбициялық жоспарларды қамтиды. Өз кезегінде қарапайым украиналықтардың жеке қарызы бір жылда 30 процентке бір-ақ көтерілген. Бұл туралы ашық деректер платформасы мәлімдейді. Әсіресе жеке тұлғалардың несие бойынша берешегі 47 процентке өсім көрсеткен екен.

Александр, Киев қаласының тұрғыны:

– Қалай болғанда да, алаңдаушылық бар. Екі баланың әкесі ретінде, әрине, уайымдаймыз. Кез келген сәтте жиналуға тура келеді. Ертеңге деген сенімсіздік пен жұмыстан айырылып қаламын ба деген қауіп те бар.

Киев мэриясы  тұрғындардың назарына жарылғыш заттардан қорғайтын картаны ұсынды. Онда жер асты кеңістігіндегі баспана, тұрғын үйлердің жертөлелері,  жер асты автотұрақтарының мекен жайлары көрсетілген. Сондай-ақ әкімшілік қала тұрғындарын техногендік, табиғи және әскери сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында азаматтық қорғаныс құрылымдарының қорын құрды.

– Қорқыныш бар өйткені қаладағы әскери адамдардың саны бірден артты.  Ұшақ ұшса үрейленетін болдық.

– Әрине алаңдаймыз. Ертең не боларын ешкім білмейді. Оқиғаның шын мәнін түсінбейміз, сондықтан қорқышын басым.

4 ақпанда ел бойынша аумақтық қорғаныстың сенім телефоны іске қосылды.  «Жедел желіге» қоңырау шалу арқылы Украина азаматтары аумақтық қорғаныс күштерінің бөлімшелеріне келісімшарт бойынша әскери қызметке қалай баруға болатынын анықтап біле алады.

Атап өту керек, Украинада өткен жылы әйел адамдар да әскери қызметке тұруға міндеттелді. Бүгінгі күнге дейін мыңнан астам қыз-келіншек әскери қызметке тіркелуге ниет танытқан.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Айта кетейік, Украина мен Ресей арасындағы қырғиқабақтың салдары ең алдымен Украина экономикасына кері әсерін тигізді. Елдегі өнеркәсіптік инфляция көлемі 62 процентке жетіп, 25 жыл бұрынғы рекордты жаңартты. Соңғы екі аптадан бері Украинаның төл ақшасы – гривна құнсызданып жатыр. Сауда нәтижесі бойынша ұлттық валютаның құны 5 процентке төмендеген. Апта басынан бері елде жанар-жағармай мен азық-түліктің бағасы көтерілді. Украинаның қор нарығы да 2022 жылдың қаңтар айында айтарлықтай құлдырады. Жалпы доллармен номинацияланған украиналық еурооблигациялар 2022 жылдың басынан бері орташа есеппен 8 процентке арзандады.

Александр Сиренко, Украина мұнай нарығының сарапшысы:

– Энергия көздері мен мұнай өнімдеріне  тәуелді тауарлардың бағасы бір орында тұрмайды, бұл – заңдылық. Баға біріне көтерілгенге, қалғаны да арта береді. Соңғы екі-үш айда дүкендердегі өнімдердің 10-20 проценті сонда қымбаттап кеткен. Мұның бәрі қымбат энергия мен отынның салдары, оған Украинаның соғыс кезіндегі мүшкіл жағдайын қосыңыз.

Соғыстың салқыны сезіле бастағаннан бері Зеленский биік мінберден жаңа саяси одақ туралы ойын ашық жеткізді. Украина, Польша, Ұлыбритания: Еуропадағы саяси ынтымақтастықтың жаңа форматы жақын уақытта жүзеге асуы мүмкін. Үкімет басшысы Денис Шмыгаль үш елдің жаңа альянсы – аймақтық қауіпсіздікті күшейтеді деп толықтырады. Дей тұрғанмен Украинаның бір топ саяси сарапшылары мұндай одақ Ресей-Украина арасындағы шиеленісті арттыра түсуі мүмкін, – деп қауіптенеді.

Андрей Бодров, саяси сарапшы:

– Ұлыбритания, Польша және Украина саяси ынтымақтастық туралы келісімге келсе, аумақтық әскерилердің саны  еселеп артады. Мұнда базалар, әскери бөлімдер және қарудың саны күрт артады. Бұл әлбетте, Мәскеу-Киев арасындағы суық қатынасты одан әрі күшейте түспек.