Д.Байден: Әлемге төнген террорлық қауіп сейілді

АҚШ күштері Сирияда «Ирак және Левант лаңкестік ұйымының» басшысы Абу Ибрагим әл-Хашеми әл-Курейшидің көзін жойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы операция Идлиб провинциясының Атме қаласында жүргізілді. Америкалық жасақтар шаһарға бірнеше тікұшақпен қонып, содырлар жетекшісінің үйін қоршауға алып, шабуыл жасаған. Лаңкестермен арадағы 2-3 сағатқа созылған ұрыс кезінде 13 адам көз жұмған. Олардың алтауы бала және төрт әйел екендігі кей деректерде жария етілді. Әл-Курейши қолға түспеу үшін өзін-өзі жарып жіберген. Артынан оның бұл үйді жалға алып тұрғаны белгілі болды.

Айта кетейік, Абу Ибрагим әл-Хашеми әл-Курейши «Ирак және Левант лаңкестік ұйымының» басшысы болып 2019-шы жылы оның бұрынғы жетекшісі Абу Бакр әл-Бағдадидің көзі жойылған соң жарияланған.

Абу Омар, үй қожайынының ұлы:

– Біз ол туралы білген емеспіз және бөтен сезікті адамдарды байқамадық. Оның кім болғанын операциядан кейін ғана естідік. Үйді оған бір жылдан бері жалға беріп келе жатқанбыз. Біз оны Алепподан бас сауғалап қашқан адамдың бірі деп ойладық. Ол пәтер ақысын уақытында төлеп тұрды. Ешқандай мәселе болған емес. Менің үйім 20 метрдей жерде орналасқанымен оларға ешқашан кірген емеспін.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Өткен түні АҚШ күштері  менің бұйрығыммен Хаджи Абдулла деген лақап атпен белгілі «Ирак және Левант лакестік ұйымының» жетекшісінің көзін жойды. Сөйтіп әлемге төнген террорлық қауіп сейілді. Ол «Ирак және левант лаңкестік ұйымымен» байланысты барлық террористік топтардың операцияларын басқарып келген. Бұл операция арқылы барлық лаңкестерге ескертеміз. Біз содырларды қай жерде болмасын тауып жазалаймыз. Халқымыз бен одақтастарымызды қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.