Елизавета ІІ келесі патшайымның есімін атады

Бүгін Ұлыбритания патшайымы Елизавета екіншінің таққа отырғанына тура 70 жыл толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 1952 жылдың 6 ақпанында «Біріккен Корольдіктің патшайымы» деп жарияланған еді. Букингем сарайының «Туиттердегі» парақшасында жолдаған хатында монарх әулетіне және Ұлыбритания халқына үнемі қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Осы мәлімдемесінде Елизавета ІІ үлкен ұлы, Уэльс ханзадасы Чарльздің жұбайы Камилланы келесі патшайым деп атап, халықтан өзіне қандай құрмет көрсетсе, оларға да сондай ықылас танытуды өтінді. Сарапшылар биыл 21 сәуірде 96 жасқа толатын Елизавета екіншіні рекордшыл патшайым деп ерекше атайды. Себебі ол әлемдегі жасы ең егде монарх, оған 16 мемлекет бағынады және патшайымның суреті кемінде 35 елдің ақшасында бейнеленген. Елизавета екіншінің таққа отырғанына 70 жыл толуына арналған үлкен мерекелік іс-шаралар маусымның 2-сі мен 5-і аралығына жоспарланған. Бұл кезде бүкіл Ұлыбритания да демалады.