Д. Байден: «Солтүстік ағын – 2» газ құбыры жобасы тоқтатылады

АҚШ президенті Джо Байден Ресей Украинаға басып кіретін болса «Солтүстік ағын-2» газ құбыры жобасының тоқтатылатынын тағы бір рет ескертті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саясаткер бұл туралы Германия канцлерімен бірге өткен баспасөз конференцияда хабарлады. Өз кезегінде Олаф Шольц Байденнің бұл шешімін ашық құптайтынын айтпаса да, Украина мен Ресейге қатысты ұстанымын айқын білдірді. Айтуынша, жағдай ушығатын болса, Ресейге қатысты қажетті қатаң шаралар қабылданады. Сонымен қатар кездесуде ресми Вашингтон мен Берлин Мәскеуге қарсы бірқатар санкцияларды әзірледі.

Айта кетейік, «Солтүстік ағын-2» құбыры арқылы Ресей газын Украинаны айналып Еуропаға тікелей тасымалдайтын энергетикалық жоба. Ұзындығы 1200 шақырымдық құбыр бес жыл бұрын тартыла бастады. Жобаға әу бастан АҚШ пен Украина қарсы болған.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Ресейдің Украинаға қауіп төндіруі күн тәртібіндегі басты мәселе. Германия мен  АҚШ және оның одақтастары ушыққан мәселені шешу үшін әрі дипломатиялық тоқтамға келу мақсатында тығыз қарым-қатынас орнатты. Біз Ресей тарапымен әлі де келіссөз жүргізуге дайынбыз. Ал Ресей Украинаға басып кірсе, біз де  қарап қалмаймыз.

Олаф Шольц, Германия канцлері:

– АҚШ пен Германияның одақтастары, трансатлантикалық серіктестік пен НАТО жұмылып, бірлесе әрекет ету керек. Украинаға қарсы әскери жанжал басталса, Ресейге шұғыл әрі  қатаң жауап қайтарылады. Біз бұны бірнеше рет ескерттік.