Украинаға 1000 тоннадан астам қару жеткізілді. Киев әлемдік саясат назарында

Украинаға Австрия, Словакия мен Чехияның сыртқы істер министрлері ұшып келді. Олар Луганск пен Донбасс өңіріндегі ахуалды көрмек. Еуропа елдерінің ведомство басшылары Киевке де барады деп жоспарланған. Украина кәрі құрлықтан қандай көмек күтеді? 

2014 жылдан бері  Украина құрамындағы Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігі ресми Киевке бағынудан бас тартқан, сондықтан 8 жылдан бері ел шығысындағы соғыс әлі тоқтаған жоқ. Донбасс өңіріндегі 4 млнға жуық адамның болашағы әлі де бұлыңғыр. Кемінде бір жарым миллион бейбіт тұрғын үй-жайын тастап, босып кетуге мәжбүр болды. «Осынау қиын жағдайдың бәрін Еуропа мемлекеттерінің өкілдері өз көзімен көруі тиіс»,- дейді Украина дипломатиясының басшысы. Дүйсенбі күні Австрия, Словакия, Чехия елдерінің сыртқы істер министрлері Луганск өңіріне арнайы келді, бүгін олардың сапары Киевке жоспарланған.

Дмитрий Кулеба, Украинаның сыртқы істер министрі:

– Жоғары мәртебелі шетелдік делегациялардың Украинаға сапары, ең алдымен, Ресеймен жағдайдың шиеленісуінен қорғайды. Көрші елмен қарым-қатынасымыз күрделі және қауіп басым. Дей тұрғанмен, қазір Киев әлемдік саясаттың назарында, әрі қарай да жағдай тұрақты және бақылауда болады деген үміттеміз.

Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебаның мәліметі бойынша тек соңғы апталарда елге жеткізілген қорғаныс қаруы мен әскери техниканың жалпы салмағы 1000 тоннадан асқан. Мұндай техниканың жалпы құны бір жарым миллиард долларға бағаланады,- деді министр. Өз кезегінде Киев тұрғындары Америка, Канада, Ұлыбритания мен Польшадан келген әскери көмек дәл қазір Украинаға қажет деп қабылдайды.

Елге тонналап жеткізілген қарудан бөлек, Украина астанасы Киевте алғаш рет бір мезгілде 9 батальон қатысқан 112 аумақтық қорғаныс бригадасының оқу-жаттығуы өткізілді. Қатысушылар радиотехникалық құралдардың жұмыс істеу негіздерін және хабарламаларды шифрлауды үйренді. Сондай-ақ жеке жауынгерлік дағдылар мен тактика әрі жарылғыш құрылғылармен жұмыс істеудің негізгі ережелерімен танысты.

Аида Қыдырбай, Петро Борейко