Италияда жауынсыз ауа райы По өзеніне қауіп төндіріп тұр

Италияның Пьемонт аймағында да бірнеше апта бойы қар мен жаңбыр жаумай, елдегі ең ірі По өзеніне әсер еткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрғақшылықтан Турин қаласы өңіріндегі өзеннің суы тартылып, түбі көрінген. Мамандар жаңбырсыз ауа райы жалғаса берсе, ауыл шаруашылығы көп шығынға батып, орман өрттері жиілеуі мүмкін дейді.

Айта кетейік, ұзындығы 652 шақырым болатын По өзені бастауын Альпі тауларынан алады.

Анджело Роберто, қоршаған ортаны қорғау агенттігінің директоры:

– Құрғақшылыққа тап болғалы 50 күнге жуықтады. Қазір По өзені ағысының қарқыны төмендеп, секундына 160 текше метрге жеткен. Бұл тым аз. Әдетте оның қарқыны орташа есеппен 360 текше метр болатын. Тіпті тауларда да оның ағысы төмендеген. Жағдай жаңбыр жауса ғана түзелуі мүмкін.