loader

Мұхиттардың пластикпен ластануы қауіпті деңгейге жетті

Мұхиттардың пластикпен ластануы қауіпті деңгейге жетті

Дүниежүзінде пластик қолдануды азайтуға талпынып жатқан елдер бар. Себебі ол климаттың өзгеруіне әсер етеді. Бұл тақырып осы айда Кения астанасында БҰҰ-ға мүше елдер отырысында талқыға түседі. Кейбір мемлекеттер қоқысты кәдеге жаратудың түрлі үлгісін көрсетіп жатыр.

2050 жылға таман мұхиттардың пластикпен ластануы 4 есе ұлғаюы мүмкін. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры осылай деп дабыл қағып жатыр. Халықаралық ұйым мамандары мәліметтер жинау үшін 2,5 мыңнан астам зерттеу жүргізген. Мысалы, Жерорта, Шығыс-Қытай және Сары теңіз бен мұхиттарда микропластиктердің шоғарылануы қауіпті деңгейге жеткен.

Хайке Веспер, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының Германиядағы өкілі:

– Пластик қоқыс мәселесін шешу үшін ең алдымен тұтынушылар дүкендерге барған кезде өздерінің әрекетін қадағалап, бір мәрте пластик заттарды сатып алуды барынша азайтқаны жөн. Бұл, әрине, мәселені толық шешпегенмен оны реттеуге ықпал етер еді.

ПЛАСТИК ҚОҚЫСТАН КИІМ-КЕШЕК ТІГІЛЕДІ

Бірақ пластик қоқыстарды қайта өңдеп, оны пайдаланудың оңтайлы жолын тауып жатқан брлестіктер мен жеке тұлғалар да кездеседі. Мысалы, Дубайдағы жергілікті фирманың бірі пластик шөлмектерден футболка мен бетперде жасап шығаруды қолға алған. 2010-шы жылы құрылған компания қазір түрлі бизнеске қызмет көрсетіп, 200-ден астам мектепке арнайы киімдер ТІГЕДІ. Бірлестік жыл сайын 1,2 миллион пластик шөлмекті өңдеуді жоспарлап отыр.

Эмма Барбер, Dgrade компаниясының атқарушы директоры:

– Біз пластик шөлмектерді өзіміздің зауытымызда ұнтақтап, содан кейін алынған талшықтарды жіп етіп иіреміз. Ал киім-кешекті көбіне арнайы тапсырыс бойынша тігеміз.

БЕТПЕРДЕДЕН ТЕЛЕФОНДЫ СЫМСЫЗ ҚУАТТАҒЫШ ЖАСАЛАДЫ

Тайваньдағы бір фирма қолданылған медициналық бетпердеден ұялы телфондарды сымсыз қуаттайтын құрылғы жасады. Бұл үшін бірлестік Трэшпрессо деп аталатын арнайы машина жасап шыққан. Толық автоматтандырылған құрылғы бетпердені өзі ұсатып өзі нығыздайды. Компания 10 мың бетпердеден 40 мың сымсыз қуаттағыш жасап, қызметкерлерінің барлығын өз өнімімен қатамасыз еткен.

Артур Хуанг, Miniwiz компаниясының бас директоры:

– Коронавирус індетінен медициналық қоқыс көбейді. Олардың басым бөлігі пластиктен жасалады. Мысалы, бетперде 100 процент осы материалдан дайындалады. Қоршаған ортаны ластауды азайтуды мақсат етіп, осындай құрылғыны ойлап таптық.

ШЫНЫ ШӨЛМЕКТЕРДІ ӨҢДЕУДІҢ ОҢТАЙЛЫ ЖОЛЫН ТАПҚАН

Мексика астанасындағы дүкеннің бірі пайдаланылағн сыра мен шарап шөлмегінен әсем әшекейлерден бастап, стақанға дейін жасауды жолға қойған. Жоба шыныны қайта өңдеу арқылы халыққа қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсіндіру үшін қолға алынған.

Хосе Луис Перес, дүкен қожайыны:

– Мексикада жыл сайын 3 миллион тоннадан артық шыны шығарылғанмен оның тек 12 проценті ғана қайта өңделеді. Қалғаны қоқысқа лақтырылып, ормандар мен теңіздерді ластап жатыр. Бұл өзге қоқыстарға қарағанда шыны құнының арзан болуымен байланысты. Мысалы бір келі алюминий үшін 1 доллар 20 цент төлесе шыны үшін сізге 40 цент қана береді. Сондықтан оны өңдеуге көп ешкім құлық таныта бермейді.

КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІМЕН КҮРЕСТЕ ПЛАСТИКТІ ПАЙДАЛАНУДЫ АЗАЙТУ МАҢЫЗДЫ

Халықаралық сарапшылар климаттың өзгеруімен күресте пластикті пайдалануды азайту маңызды роль ойнайтынын айтады. Мәселені шешу үшін кешенді әдіс, ғаламдық келісім қажет деп отыр. Себебі пластик қоқыстарды қайта өңдеу түйткілді түбейгейлі шеше алмайды, дейді. БҰҰ-ға мүше елдер осы айда Кения астанасында мәселені талқылап шешімін табуға тырыспақ.

Сондай-ақ...