Бельгияда шектеу шаралары жеңілдетіледі

Бельгияда коронавирусқа қатысты шектеу шараларының бір бөлігі алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені кейінгі уақытта індет жұқтыру деректері сәл де болса азайған. Келесі аптадан бастап тамақтану орындарының жұмыс уақыты шектелмейді. 12 жасқа дейінгі балалар маска тақпаса болады. Қазір корольдік эпидемиологиялық қауіптің «қызыл деңгейінде». Келесі аптада «қызғылт-сары деңгейге» өту жоспарланып отыр. Ауру деңгейі төмендей берсе, билік наурыздың ортасында «сары деңгей» туралы жариялауы мүмкін. Билік сол кезде шектеу шаралары тағы да жеңілдетіледі дейді. 

Александр де Кро, Бельгия премьер-министрі:

– Біз коронавирустан құтылдық па? Жоқ. Індетті енді жеңдік дегенде, ахуал қайта ушығып кетіп жатады. Өткен аптамен салыстырғанда жансақтау бөліміне түскен науқастар саны 20 процентке азайды. Сарапшылар бұл сан әлі де төмендейтінін болжап отыр. Бірақ басқа көрсеткіштер сол бұрынғы деңгейінде.