Жаңа Зеландияда шектеулерге қарсы шерулер басылмай тұр

Жаңа Зеландияда коронавирустық шектеулерге қарсы шерулер әлі де басылмай тұр.

Жұрттың басты талабы – міндетті вакциналау мен шектеу шараларын алып тастау. Осы мақсатта мыңдаған адам Парламент ғимараты алдында шатыр тігіп, жолдарды жауып тастаған. Билік өкілдері көпшілікті таратуға тырысуда.

Айта кетейік, елдегі ауқымды наразылық акциясына Канададағы жүк көлігі жүргізушілерінің шеруі түрткі болды. Бұл елде, екі аптадан асты наразы халық шектеулерге қарсылық білдіріп жатыр. Жағдайдың ушыққаны сонша Оттавада тіпті төтенше жағдай жарияланған болатын.

Джасинда Ардерн, Жаңа Зеландияның премьер-министрі:

– Шерушілер коронавирусқа қатысты шектеу шараларының бәрін алып тастауды талап етуде. Егер біз мұны жасайтын болсақ, көптеген азаматтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреміз. Әсіресе, ел ішінде коронавирус өршіп тұрған кезде бұл қауіпті.