Британияда карантин шектеуі толық жойылуы мүмкін

Англияда карантиндік шектеулер толығымен тоқтауы мүмкін.

Тіпті коронавирус жұқтырғандар үйде отыруға міндетті болмайды. Халық қалыпты өмірге қашан оралмақ?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Елдегі санитарлық эпидахуал тұрақталғандықтан биліктегілер осындай қадамға барғалы отыр. Бүгінде Англия мен Уэльсте коронавирустан күн сайын қайтыс болғандар саны шамамен 100 адамға азайып келеді. Келер айдың соңына таман науқастардан бұрынғыдай оқшаулану талап етілмеуі мүмкін және ережеге бағынбағандарға 10 мың стерлинг фунты көлемінде айыппұл салынбайды. Бірақ үйден шықпауға кеңес беріледі.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Қазіргідей оң тенденция сақталатын болса, мен шектеулерді, соның ішінде ковид жұқтырғандарды оқшаулануға міндеттейтін заң талабын 21 ақпаннан бастап, толығымен алып тастай аламын деп үміттенемін. 

Кейбір сарапшылар үшін бұл күтпеген жаңалық болды, өйткені Англияда екпе алмағандар әлі де бар. Эпидемиологиялық жағдай жақсарып келе жатқанымен арқаны кеңге салу әлі тым ерте және жаңа штамдардан сақ болу керек дейді олар.

Пол Хантер, ғалым:

- Мәліметтер әрине көңіл қуантады. Бірақ омикронның жаңа BA.2 (биэй екі) нұсқасын жұқтыру жағдайларының артуы алаңдатады. Ол жеткен жетістіктерімізді жоққа шығармай ма деген сауал мазалайды. 

Оппозиция өкілдері болса, локдаун кезінде сауық кешін өткізіп, басы дауға қалған Борис Джонсон осылайша халықтың назарын басқа арнаға бұрғысы келіп отыр дегенді айтады. Бүгінде Англияда қоғамдық орындарда маска тағу, вакцина паспортын көрсету және қашықтан жұмыс істеу сияқты шектеулер заңды күшін тоқтатқан. Оған қоса Ұлыбританияға келген ковидке қарсы екпесі бар жолаушылар шекарадан еркін өте алады. Вакцина салдырмағандар да оқшауланбайды. Соңғылары елге келер алдында және келгеннен соң ПТР тест тапсырса жетіп жатыр. 

Ғалымжан Қараманұлы