1996 жылы Кабул тұрғындары тәліптерді қуанышпен қарсы алды. Жаңа басшылық бейбітшілік орнатады деген үміт зор болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тура 6 ай бұрын Ауғанстандағы билік «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысының қолына өтті. Тәліптер инклюзивті үкімет құрып, адам құқықтарын сақтауға сөз берді. Алайда сарапшылар әзірге олардың сөздері құрғақ уәде күйінде қалып отырғанын айтады. Өйткені жасы 12-ден асқан қыздар әлі күнге дейін мектепке бара алмайды. Басқарушы қызметте отырған қыз-келіншектер де саусақпен санарлық.
Жарты жыл бұрын, яғни былтыр 15 тамызда қайтадан билік басына тәліптер келгенде, халық өзге сезімде болды. Елден кету үшін өмірін қатерге тігіп, ұшаққа мінбек болған жұрттың кадрлары бүкіл әлемге тарап кетті. Шетелдік ақпарат құралдары тұрмыстық жағдайы қиындаған тұрғындардың көшеде балаларын сатып тұрған суреттерін де жария еткен кездер де болды. Алайда мұның бәрі жергілікті телеарналардан көрсетілмеді. «Шекарасыз репортерлер» халықаралық ұйымының мәлімдеуінше, кейінгі жарты жылда елде 250-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдары жабылып қалды. 6500-ға жуық журналист жұмыссыз қалды. Көбі әйелдер. Иә, билік басына тәліптер келгелі қыз-келіншектерге оңайға соқпады. БҰҰ-ның деректеріне сәйкес, былтыр тамыздан бері жұмыстан кетуге мәжбүр болған жарты миллионнан аса адамның дені – әйелдер болып шықты. Жаңа үкімет құрамы жасақталғанда, министрліктер мен ведомстволардағы басқарушы лауазымдардың барлығына ер адамдар тағайындалды. Алайда тәліптердің халықаралық ұйымдармен кездесулері барысында елдің қоғамдық-саяси өміріне нәзік жандылардың қатысу мәселесі қайта-қайта көтеріліп, нәтижесінде 2 апта бұрын алғаш рет басқарушы қызметке 2 әйел тағайындалды.
Тәліптер билікке келгелі қыздардың білім алу мәселесі де қызу талқыланып келеді. Өйткені олар жасы 12-ден асқан қыздарға мектепке баруға тыйым салды. Олардың ұлдардан бөлек оқу қажеттігі туралы айтылып келді. Afghanistan Analysts Network ұйымының мәліметінше, тәліптердің өздері қыздарын Катар мен Пәкістандағы жекеменшік мектептер мен университеттерге жіберген екен. Сондай-ақ «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) өкілдері арасында мұғалім не медбике секілді білімі бар екінші әйел алу деректері көбейіпті. Жақында елде жоғары оқу орындары қайта ашылды. Студенттер арасында қыздар да бар. Бірақ бұрынғыдан әлдеқайда аз.
Джунаидулла Мохаммади, студент:
– Университеттер қайта ашылды. Бірақ біз үшін айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Дәріс уақыты өзгерген. Сосын ұлдар мен қыздар енді бөлек-бөлек оқиды.
Қаңтардың соңында «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысының өкілдері Норвегияда Ауғанстан тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мәселесіне қатысты келіссөздерге қатысқан. Бұл билік басына келгелі тәліптердің Еуропаға жасаған алғақшы ресми сапары болды. Бұған дейін олар Катарда, Иран, Пәкістан, Қытай, Ресей мен Түрікменстандағы келіссөздерге қатысқан еді. Десе де Норвегияның сыртқы істер министрлігінің өкілдері соңғы кездесуді тәліптерді Ауғанстанның ресми билігі ретінде мойындау ишараты деп қабылдамауға шақырды. Ослода өткен басқосуға тұрғындар зор үміт артып отыр.
Хумайра Фарханг, белсенді:
– Норвегия астанасы Ослода өткен кездесудің пайдасы тисе екен деп отырмыз. Басқосудан кейін тәліптер адам құқықтарының сақталу меселесіне көп көңіл бөліп, қыз-келіншектердің білім алып, елдің саяси өміріне белсенді түрде қатысуына мүмкіндік береді деген үміттеміз.
Бұрынғы билік кезінде жергілікті бюджеттің 80 проценті шетелден қаржыландырылып келген. Алайда тәліптер келгелі халықаралық көмектің көбі тоқтап қалды. АҚШ билігі америкалық банктерде сақталған Ауғанстан Орталық банкінің 7 миллиард доллар активтері мен гуманитарлық ұйымдардың 2 жарым миллиард долларын бұғаттап тастады. Мұның бәрі жағдайы онсыз да мәз емес жергілікті халықтың ахуалын қиындатқаны сөзсіз. Қаржыландырудың тоқтатылуы аздай, елді алапат қуаңшылық жайлады. Соның салдарынан биыл жыл соңына дейін халықтың 97 проценті кедейшілік зардабын тартуы мүмкін деген күдік бар. Тәліптер билікке келмей тұрып, бір ғана Кабулда 60 мың кәмелетке толмаған азамат жұмыс істеуге мәжбүр болса, қазір ондай балалардың саны 3 есе артқан. Соңғы зерттеу нәтижесіне сәйкес, Ауғанстанда бес отбасының біреуі балаларын жұмыс істеуге жіберсе керек.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
– Ауғанстанда тәліптер билікке келген 6 ай ішінде тұрғындардың өмір сүруі қиындап кетті. Ұлттық валюта құнсызданды. Бір жыл ішінде жалпы ішкі өнім үштен бірге қысқаруы мүмкін. Орталық банктың миллиардтаған доллар активтері бұғатталды. Тіршілікті қамтамасыз ету үшін қажетті жүйелердің барлығында қаржы тапшылығы өткір сезіліп отыр.
Тұрмысы қиындаған тұрғындар арасында кішкентай қыздарын тұрмысқа беру деректері көбейген. Мынау 5 жасар қызын сата алмай қалған әкенің «мұңы».
Абдул Гани, жергілікті тұрғын:
– Біреулер менің қызымды тұрмысқа аламын деп, ол үшін 100 мың афгани беріп қойған. Алайда жақында жер селкінісі кезінде қызым аяғын сындырып алды. Енді мен ана кісіге 1000 АҚШ доллар қарызбын.
Қаржыландырудың тоқталылуы денсаулық сақтау саласына да қатты әсер етті. Қазір Ауғанстанда коронавирусты емдеуге арналған 38 аурухананың бесеуі ғана жұмыс істеп тұр. Өйткені дәрі-дәрмек тапшы. Жылу жоқ. Оның үстіне, медицина қызметкерлері де жетіспейді. Ел астанасы Кабулдың өзінде ковид-науқастарға арналған бір ғана емхана жұмыс істеп тұр. Бірақ оның өзінде жылу тек түнде беріледі. Өйткені қаржыландыру жағы ақсап тұр. Қызыл крест өкілдерінің пайымдауынша, алдағы айларда елде медицина мекемелерінің 90 проценті жабылып қалуы мүмкін.
Мұхаммад Гул Ливал, аурухана меңгерушісі:
– Біздің ауруханада проблема жетерлік. Оттегі баллондары, дәрі-дәрмек жетіспейді. Қызметкерлерімізге де оңай емес. Олардың жалақы алмай жұмыс істеп жатқандарына 3 ай болды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері елде коронавирустан бөлек қызылша ушығып бара жатқанын хабрлайды. Кейінгі уақытта бұл ауруды жұқтыру және көз жұму деректері күрт артып кеткен. Статистикаға сәйкес, қызылшадан қайтыс болғандардың 97 проценті – жасы әлі 5-ке толмаған бүлдіршіндер. Елде 3 жарым миллионға жуық баланың тойып тамақ ішпейтінін ескерсе, одардың иммунитеті әлсіреп, аурумен күресу қабілеті төмендейтіні айтпаса да түсінікті дейді мамандар. Оның үстіне қаржы тапшылығы салдарынан қызылшаға қарсы вакциналау жағы да ақсап тұр. Бұл ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы иммундау бойынша жоспар әзірлеп жатыр. Биыл көктемде басталатын науқан барысында 3 миллионнан аса бала қызылшаға қарсы вакцина алуы тиіс.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева