Израиль премьер-министрі БАӘ-ге тұңғыш рет ресми сапармен барды

Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары мұны тарихи оқиға деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос тарап өзара ынтымақтастық пен сауда орнату туралы келіседі. Еске салайық, соңғы кезде Израиль мен Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері арасындағы қарым-қатынас біртіндеп жандана бастады.

Расында да бұл – тарихи оқиға. Жасы үлкен Израиль тұрғындары мұны теледеидардан көріп, өз көзіне сенген жоқ. Бахрейн ханзадасының сарайында Израиль әнұраны орындалды.  Ал Израиль премьер-министрі Бахрейн тағының мұрагері Хамад Бин Иса әл Халифамен қол алысып амандасқан. Бұл – Израиль үкімет басшысының Парсы шығанағындағы елге жасаған тұңғыш сапары.

Нафтали Беннет, Израиль премьер-министрі:

– Осындай тұрақсыз кезеңде тап осы аймақта ынтымақтасып, ортақ болашағымыз үшін ортақ мәселелермен күресуге ниетімізді білдіріп жатқанымыз өте маңызды деп ойлаймын.

Мұның бәрі «Ибрагим келісімдерінің» жемісі. Ол АҚШ-тың арағайындығымен 2020 жылы жасалған болатын.

Атауының да терең мәнісі бар, өйткені араб пен еврейдің түбі бір, Қос халық Ибрагим ұрпағы болғандықтан, тіл табысатын кез келді. Бірінші болып Израильмен қарым-қатынастарын Біріккен Араб Әмірліктері реттеп, кейін Бахрейн мен Судан да бұл үрдіске қосылды. БАӘ-мен тіпті дипломатиялық қатынас орнап, жақында Израиль президенті Ицхак Герцог бұл елге ресми сапармен барып қайтты.

Ицхак Герцог, Израиль президенті:

– Біріккен Араб әмірліктерін үлгі етіп, Ибрагим келісімдеріне қосылатын елдер саны жақын арада көбейетініне үмітім бар және бұған сенемін. Осы ынтымақтастықтың әлеуті зор, оның арқасында үлкен табыстарға жетеміз.

Саясаттанушылар кезінде қас жау болған тараптар арасының жылуын билік пен көзқарастың ауысуымен байланыстырып отыр. Израильді ата жауы санаған Парсы шығанағы елдерінің бұрынғы басшыларын жас буын ауыстырды. Мұнай экспортынан түсетін араб елдерінің миллиардтаған доллары мен Израиль технологияларын үйлестіру керемет жетістіктерге әкелуі мүмкін. Қазірдің өзінде Біріккен Араб Әмірліктері эмбарго күшін жойып, Израильмен еркін сауда тәртібін енгізді.

Авторы: Сергей Ауслендер