Ресми Мәскеу ЕҚЫҰ-ның Украина бойынша отырысына қатысудан бас тартты

Ресми Мәскеу Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Украина бойынша отырысына қатысудан бас тартты. Мұны Ресей тарапы әскери іс-шаралар жүргізбейтіндігімен түсіндірді. Ал Германия болса, Ресей әскери күштерінің Украинамен шекаралас аймақтан шыққанын шиеленісті азайтудың бірінші кезеңі деп санайды. Кремльде өткен келіссөзде Ресей президенті Владимир Путин мен Германия канцлері Олаф Шольц Украина төңірегіндегі жағдайды дипломатиялық жолмен шешуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Ресей президенті Владимир Путин мен Германия канцлері Олаф Шольц арасындағы келіссөздер ұзаққа созылды. Талқыланатын өткір тақырыптар аз емес. Ең алдымен, бұл Украина төңірегіндегі шиеленісті азайту. Сонымен бірге екі жақ «Солтүстік ағын 2» газ құбырының болашағын да қарастырды.

Еуропаның ең ірі инфрақұрылымдық жобаларының бірі «Солтүстік ағын 2» газ құбыры өткен жылдың желтоқсан айынан бастап техникалық тұрғыдан пайдалануға дайын. Қазір Германия оны сертификаттаудан өткізіп жатыр. Бірақ Ресей Украинаға басып кірсе, Мәскеуге салынатын санкция кесірінен бұл жобаның болашағы екіталай болуы мүмкін. Владимир Путин Ресей, Германияның мұнай мен газға деген қажеттілігінің үштен бірін қамтамасыз ететінін еске салды.

Владимир Путин, Ресей Президенті:

– Мен бұл жобаның таза коммерциялық жоба екенін және мұнда ешқандай саясат, саяси астар жоқ екенін бірнеше рет айтқанмын. Сондай-ақ, егер Еуропа тарапынан сұраныс болса және сауда тиімді болса, біз 2024 жылдан кейін де, яғни Украина арқылы транзит бойынша келісімшарттың мерзімі аяқталғаннан кейін де, осы ел арқылы газ жеткізуді жалғастыруға дайын екенімізді атап өткім келеді.

Украинаның аумақтық тұтастығына келетін болсақ, оның талқылауға жатпайтындығын Германия үкіметінің басшысы баса айтты. Олаф Шольц Ресей әскерлерінің бір бөлігінің Украинамен шекаралас аймақтан шығарылуын жақсы нышан деп атады. Бұған дейін Ресей Қорғаныс министрлігі әскери техника шекарадағы оқу-жаттығулардан тұрақты орналасу орындарына қайтарылды деп мәлімдеді.

Олаф Шольц, Германияның федералдық канцлері:

– Кәзір біз батылдықпен, жауапкершілікпен әрекет етуіміз керек. Біздің замандастарымыз үшін Еуропада соғысты елестету мүмкін емес. Әскери шиеленіске жол бермеу  -  мемлекет пен үкімет басшыларының міндеті. Яғни, біздің міндетіміз.

Ресей басшысы Батыс, Мәскеудің қауіпсіздік кепілдігі туралы басты талаптарын елемегенімен, Кремль кейбір жеке мәселелерді дипломатиялық жолмен шешуге дайын екендігін мәлімдеді.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров