Гонконг билігі тұрғындарды коронавирусқа түгел тексереді

Гонконг тұрғындарының бірі қалмай коронавирусқа тексеріледі. Мұнда шамамен 7 жарым миллион адам тұрады.

Енді алдағы үш апта ішінде әр тұрғын 3 тесттен тапсыруы тиіс. Бұл жергілікті зертханалардың жүктемесін арттырады. Сондықтан сараптамалардың бір бөлігі көрші Шэньчжэнь қаласына жіберіліп отырады.

Айта кеткен жөн, қазір Гонконгта коронавирус өршіп тұр. Осы аптада бір күнде анықталған деректер саны бойынша антирекорд тіркелді. Эпидахуалдың нашарлауына байланысты қазір мұнда мектептер жабық тұр. Спорттық, мәдени және ойын-сауық нысандары жұмыс істемейді. Тамақтану орындарының қызметі де шектелген. Арнайы әкімшілік ауданда ковид-науқастар үшін 7 аурухана қайта жабдықталды. Десе де, емделушілерді жатқызатын орын тапшы. Сондықтан оларды қонақүйлерге жайғастыру жоспарланып отыр.  

Кэрри Лам, Гонконг әкімшілігінің басшысы:

- Қазір Гонконгта коронавирустың бесінші толқыны жүріп жатыр. Сондықтан тұрғындардың барлығын тексеруді жоспарлап отырмыз. Осы айдың соңына дейін бір күнде жасалатын ПТР-тест санын 300 мыңға дейін жеткізуге ниеттіміз. Әрине бұл оңай шаруа емес. Өйткені кадрлар жетіспеуі мүмкін. Сондықтан орталық үкіметтің көмегіне зор үміт артып отырмыз.